Жексенбінің жарлығы. Қайта тағайындалған министр айға жетпей қызметінен босатылды

638
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vMQShVPW63tkcBIEffutKARy8N93SjwGEDU7iIVx.webp

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстанның Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылды. Тиісті Жарлыққа 27 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды, деп хабарлайды “Адырна”.

“Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәурен Жұматайұлы Қосанов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымынан босатылды”, делінген хабарламада.

Дәурен Қосанов 1969 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Армавир жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесін, Ю.А. Гагарин атындағы Әскери-әуе академиясын және Ресей Федерациясы Қарулы күштері Бас штабының Әскери академиясын тәмәмдаған.

Әскери қызметін Үшаралдағы жойғыш авиация полкінде ұшқыш-истребитель болып бастап, әр жылдары Талдықорған және Шымкент қалаларындағы авиабазаларды басқарған, Әскери-әуе күштерін және Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтын басқарған.

2022-2024 жылдары Қазақстан Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы болып, 2024-2025 жылдары Қорғаныс министрінің орынбасары - Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы қызметін атқарды.

Қосанов алғаш рет 2025 жылы Қазақстанның Қорғаныс министрі болып тағайындалған болатын.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің "Хазар қорғаны - 2026" оқу-жаттығуы кезінде 17 әскери қызметшіні теңіз ағызып әкеткен. Олар Каспий жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырма орындап жатқанда ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 14 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылды. 

Қайғылы оқиғадан кейін 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс қызметке салғырт қарау және корабль жүргізу қағидаларын бұзу фактілері бойынша тергелуде.

Тергеу аясында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғары және аға командалық құрамындағы жауапты лауазымды тұлғалар ұсталды. Олар ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдікке ілінді.

Ол алғаш министр болып 2025 жылы маусымда тағайындалған. Ал жаңа Конституциядан кейін қайта тағайындалғанына 1 ай толған жоқ. 

Комментарии