Көкшетауда отбасы құндылықтары талқыланған облыстық конференция өтті

72
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/t6tIuzf06SlMpFP0m9NJmhjioFngU3V8hrITE4UP.jpg

Көкшетауда Ақмола облысы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Отбасы – бақыт мекені» облыстық конференциясы өтті. Жиында бала тәрбиесі, ата-ана жауапкершілігі, отбасы қауіпсіздігі және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелері талқыланды.

Іс-шараға Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова, Аналар кеңесінің мүшелері, ақсақалдар, әжелер, әкелер, ұстаздар және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Гүлмира Тоқтарқызы конференция қатысушыларына облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, отбасы институтын нығайту мен ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қараудың маңызын атап өтті.

Конференцияны облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Айнұр Жахина жүргізді.

Жиында отбасы берекесі мен бала қауіпсіздігі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, үлкендердің өнегесі, әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі, инклюзивті қоғам қалыптастыру және мектеп пен отбасы арасындағы байланыс мәселелері қозғалды.

Полиция майоры, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің басшысы Назира Тұрсымбаева отбасы қауіпсіздігі мен құқықтық жауапкершілік туралы айтты. Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Болат Зәкенов үлкеннің өнегесі мен ұрпақ тәрбиесіндегі тағылымға тоқталды.

Облыстық Аналар кеңесі жанындағы Әжелер клубының мүшесі Шәмшия Тоғайбаева әже тәрбиесінің маңызына тоқталса, Астрахан ауданы Аналар кеңесінің мүшесі Дәнекер Холғанат ұлттық тәрбиедегі әже өнегесі туралы ой бөлісті.

Әкелер одағының белсенді мүшесі, Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейінің көркем еңбек пәні мұғалімі Алмасбек Бегзан әкенің отбасындағы жауапкершілігі мен бала тәрбиесіндегі рөлі туралы тәжірибесімен бөлісті.

«Qolqanat» әлеуметтік жобасының негізін қалаушы әрі жетекшісі Раушан Тұранова мейірімді отбасы мен инклюзивті қоғам қалыптастыру мәселесін көтерді. Ал Әл-Фараби атындағы IT мектеп-лицейінің директоры Айгерім Бершімова мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты күшейтудің маңызына тоқталды.

Қатысушылар бала тәрбиесі, ата-ана жауапкершілігі және отбасы құндылықтары жөнінде пікір алмасты.

Конференция барысында Отбасы күніне арналған мерекелік іс-шара аясында ұйымдастырылған отбасылық байқаулардың жеңімпаздары марапатталды.

«Ерекше бала тәрбиелеген отбасы» номинациясында Көкшетау қаласының тұрғыны Сергей Демещенконың отбасы жеңімпаз атанды.

«Күміс кереге» номинациясының жеңімпазы – Шортанды ауданының тұрғыны Махшанай Өмірдостың отбасы.

Ал «Алтын шаңырақ» номинациясы Целиноград ауданы, Қоянды ауылының тұрғыны Баянбай Мәлікұлының отбасына табысталды.

Сонымен қатар Ұлттық ұлан қатарында 20 жыл абыройлы қызмет атқарып, отбасылық өмірде де 20 жылдық берекелі некенің өнегесін көрсетіп, бес бала тәрбиелеп отырған Бауыржан Нұрғалиев пен Аягүл Тұрғынованың отбасы марапатталды.

Іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен «Романтик» гүлдер жүйесі мен «Голд сити» зергерлік жүйесінің жетекшілеріне алғыс білдірілді.

Конференция соңы концерттік бағдарламамен жалғасты. Аружан Ғайдарқызы Естай Беркінбайұлының «Сандуғаш» әнін орындап, «Аманат» квартеті өнер көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, отбасыдағы татулық пен өзара құрмет – бала тәрбиесінің ғана емес, қоғамдағы тұрақтылық пен өзара түсіністіктің де маңызды негіздерінің бірі.

Комментарии