Ресми растау! АҚШ ғарышқа қару жасырғанын алғаш рет ашық мойындады

72
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ll32et3MXBOGEkPSTrhAPDcqHOZo9ude7dqzi51V.jpg

АҚШ ғарыш орбитасына шабуыл мақсатында қолданылатын қару орналастырғанын алғаш рет ресми түрде мойындады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Бұл туралы АҚШ әуе күштерінің министрі Трой Мейнк растады.

Ол дүйсенбі күні әуе, ғарыш және киберсоғыс жөніндегі конференцияда сөз сөйлеп, аталған қарудың америкалық әскерилерді «өзгеріп жатқан қауіптерден» қорғау үшін қажет екенін айтты.

Министр қарудың нақты мүмкіндіктерін ашып айтпады. Сондай-ақ оның орбитаға қашан шығарылғанын нақтыламады.

Бұған дейін АҚШ ресми өкілдері ғарыштағы әскери мүмкіндіктерді күшейту жоспары туралы ғана мәлімдеп келген. Вашингтон бұған Ресей мен Қытайдың америкалық жерсеріктердің жұмысын бұзуға немесе оларға шабуыл жасауға бағытталған бағдарламаларын себеп ретінде атаған.

Бұдан бөлек, Дональд Трамп әкімшілігі зымырандар мен АҚШ аумағына төнетін басқа да қауіптерді ғарыштан ұстап қалуға арналған «Алтын күмбез» жүйесінің құрамында ғарыштық компонент, соның ішінде тосқауылдаушы зымырандар болатынын хабарлаған.

1967 жылы КСРО мен АҚШ ғарышта жаппай қырып-жоятын қаруды орналастыруға тыйым салатын ғарыш кеңістігі туралы шартқа қол қойған. Алайда құжат кәдімгі қару түрлеріне қатысты шектеу қоймайды.

Соңғы жылдары Ресей, Қытай және АҚШ қарсы тараптың байланыс, барлау және навигация үшін пайдаланылатын жерсеріктеріне шабуыл жасауға мүмкіндік беретін түрлі құралдарды дамытып келеді.

2019 жылы АҚШ-та 70 жылға жуық уақыттан кейін қарулы күштердің жаңа түрі — ғарыш күштері құрылды. Өткен жылы Дональд Трамп Ғарыш күштеріне қорғаныспен қатар шабуылдау міндеттерін де жүктейтін жарлық шығарды.

АҚШ ғарыш күштерінің өкілі бұл мақсатта «кинетикалық және кинетикалық емес құралдар» бар екенін айтты.

 

Комментарии