Ресейде Аэроғарыш күштерінің офицеріне қарулы шабуыл жасалды

261
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vl90yk1HzQa2HuKtLWgak2F0ve2dbgc8cdfgVgcy.webp

фото: Depositphotos

Ресейдің Саратов облысына қарасты Энгельс қаласында 3 қыркүйек таңертең Ресей Аэроғарыш күштерінің (ВКС) офицеріне белгісіз адам қастандық жасауға әрекет жасаған. Бұл туралы ресейлік БАҚ пен Telegram-арналар құқық қорғау органдарындағы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Шабуыл «Пробуждение» елді мекеніндегі бір нысанның маңында болған.

Ақпаратқа сәйкес, мотоцикл мінген, басына шлем киген ер адам әскери қызметкерге жақындаған. Shot басылымының жазуынша, шабуыл жасаған адам офицер дүкеннен шығып келе жатқан кезде оған екі рет оқ атқаннан кейін оқиға орнынан қашып кеткен.

Оқтың бірі әскери қызметкердің бетіне, екіншісі ішіне тиген.

“Офицердің жүргізушісі де жараланған. Алайда ол жедел жәрдем шақыра алған”, деп хабарлайды Mash.

Жараланған әскери қызметкер алдымен Саратов қаласына жеткізіліп, оған шұғыл медициналық көмек көрсетілген. Кейін оны арнайы ұшақпен Мәскеуге жеткізу туралы шешім қабылданған.

Украиналық мониторингтік Supernova+ Telegram-арнасының мәліметінше, шабуылға ұшыраған адам – генерал-майор Николай Варпахович. Ол Ресей Аэроғарыш күштерінің алыс қашықтықтағы авиация құрамындағы 22-ауыр бомбалаушы авиация дивизиясының командирі.

Бұған дейін Украинаның Қауіпсіздік қызметі (СБУ) мен Бас прокуратурасы Варпаховичке Киевтегі «Охматдет» балалар ауруханасына 2024 жылғы 8 шілдеде жасалған соққыға қатысты сырттай күдік жариялаған.

Украиналық тергеу нұсқасы бойынша, генерал соққы жасау туралы бұйрық берген. Осыдан кейін оған бағынышты алыс қашықтықтағы авиация бөлімшелері Ту-95МС бомбалаушы ұшағынан ауруханаға Х-101 қанатты зымыранын ұшырған.

Соңғы уақытта Ресей әскери қызметкерлеріне қатысты бірнеше шабуыл тіркелді.

27 тамызда Санкт-Петербургте Әуе күштері мен Әуе қорғанысы әскерлерінің подполковнигі әйелімен бірге отырған көлік жарылды. Әскери қызметкер қаза тауып, оның әйелі жансақтау бөліміне жатқызылды. Тергеушілер көліктің ішінде қолдан жасалған жарылғыш құрылғы іске қосылғанын анықтаған.

13 тамызда Севастопольде Ресей Әскери-теңіз күштерінің 1-ранг капитаны Роберт Шагеев жарылыс салдарынан қаза тапты. Қырым аннексияланғанға дейін ол Украинаның Әскери-теңіз күштерінде қызмет етіп, «Запорожье» сүңгуір қайығына командалық жасаған.

1 тамызда Мәскеудегі Balzi Rossi мейрамханасында жарылыс болды. Бес адам қаза тауып, кемінде 19 адам жараланды.

Алдын ала болжам бойынша, жарылыстың ықтимал нысанасы Ресей Аэроғарыш күштерінің бас қолбасшысы Александр Чайко болуы мүмкін. Украина билігі оны Бучадағы әскери қылмыстарға қатысы бар деп айыптайды.

Жарылыстан кейін Чайконың жағдайы туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Комментарии