1 қыркүйекте мектепте мұғалімдерге гүл мен сыйлық беруге болмайды

177
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ud8okg4alMleHPP02mjlegbExNsaFRtI5hCjWHWK.jpg

Биыл 1 қыркүйекте Қазақстан мектептерінде мұғалімдерге гүл шоғын немесе басқа да сыйлықтарды мектеп аумағында табыстауға рұқсат етілмейді. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ брифингінде айтты, деп хабарлайды "Адырна".

Брифинг барысында журналистер ата-аналардың мұғалімдерге гүл сыйлауына қатысты талаптарды нақтылап, гүл шоғына қанша қаражат жұмсауға болатынын сұрады.

Министрлік өкілінің айтуынша, бұл мәселе бойынша жергілікті атқарушы органдарға арнайы хат жолданған.

«Мектеп қабырғасында гүл немесе қандай да бір сыйлық тарту етуге рұқсат етілмейді. Біз бұл талапты нақты көрсеттік. Сондықтан оған ешқандай қажеттілік жоқ», – деді Шынар Ақпарова.

Осыған байланысты министрлік мұғалімге ұсынылатын гүл шоғының белгілі бір шекті бағасын белгілеген жоқ. Ведомствоның түсіндірмесі дәл мектеп аумағында табысталатын сыйлықтарға қатысты.

Жаңа оқу жылының алғашқы күнінде барлық мектепте бірыңғай сынып сағаттары ұйымдастырылады. Колледждерде оның орнына кураторлық сағаттар өткізіледі.

Шынар Ақпарованың мәліметінше, іс-шаралардың ұзақтығы шамамен 45 минут болады.

Министрліктің қазіргі ұстанымы бұған дейінгі түсіндірмеден өзгеше. 2024 жылы Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдерге гүл сыйлауға болатынын айтып, оны педагогке деген құрмет пен алғыстың белгісі ретінде бағалаған еді. Сол кездегі министр Ғани Бейсембаев та оқушылардың ұстаздарға гүл ұсынуын жақсы дәстүр деп атаған.

Айта кетейік, 2026-2027 оқу жылы Қазақстан мектептерінде 1 қыркүйекте басталып, 25 мамырда аяқталады. Ал бірінші сынып оқушылары үшін ақпан айында қосымша демалыс қарастырылған.

Комментарии