Бүгін, 28 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Жарлыққа қол қойды. Құжаттың мәтіні Ақорда сайтында жарияланды, деп хабарлайды "Адырна".
"Қазақстан Республикасы Конституциясының 69-бабының 1-тармағына, "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 4-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Құрылтайы алдында өз өкілеттігін доғаруына байланысты қаулы етемін: Қазақстан Республикасының Үкіметі жаңа құрам бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқара берсін", – делінген Жарлықта.
Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстанда Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтті. Сол күні бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифингте Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың сайлануына зор үміт артатынын және оның Қазақстанның дамуына тың серпін беретініне сенетінін айтқан болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкімет құрамында өзгерістер болатынын мәлімдеген еді.
