Вице-президент. Құрылтай мен Халық кеңесін кім басқарады?

412
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/5PXXf76tx7B2rGQ37R44HgDQLDtwnrQkoxDgKo6g.jpg

Қазақстандағы саяси жүйе соңғы жылдардағы өзгерістердің бірін бастан өткеріп жатыр. Бір палаталы Құрылтайға сайлау өтіп, жаңа өкілді органның құрамы жасақтала бастады. Ендігі кезекте қоғам назарын аударып отырған бірнеше маңызды сұрақ бар: Жаңа вице-президент кім болады? Жаңа Құрылтайға кім төрағалық етеді? Ал Халық кеңесін кім басқаруы мүмкін?

Бұл сұрақтардың жауабы әзірге ресми түрде жарияланған жоқ. Бірақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы мәлімдемелері саяси элита ішіндегі кадрлық өзгерістердің жақын қалғанын аңғартады. Бұл мәселеге қатысты саясаттанушылар өз нұсқаларын ортаға салды.

«СІЗДЕР ЖАҚСЫ БІЛЕТІН АДАМ...»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап беріп, Қазақстанның алғашқы вице-президенті жақын уақытта тағайындалатынын айтқан болатын.

“Келесі аптада немесе он күн ішінде Вице-президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын”, – деп жауап берген ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тілшілер сұрағына. 

Бұл мәлімдеме саяси ортада түрлі болжамның тууына себеп болды. Өйткені жаңа Конституциялық модельдегі вице-президент лауазымы формалды қызмет емес.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Мемлекет басшысының атынан өкілдік етеді. Оның кандидатурасын Президент ұсынады, ал тағайындау үшін Құрылтайдың келісімі қажет.

Демек, Тоқаев жаңа вице-президентке тек өкілдік міндет емес, саяси жүйедегі маңызды үйлестіруші рөл жүктелуі мүмкін.

«ҚЫСЫМ РЕТІНДЕ ҚАБЫЛДАУЫ МҮМКІН...»

Саясаттанушы Жанұзақ Әкім Қазақстанның вице-президент қызметіне Иманғали Тасмағамбетов лайық деп санайды.

Оның пікірінше, бұл қызметті атқару үшін ел басқару тәжірибесі мол, қоғамға жақсы таныс және саяси жүйенің түрлі сатыларынан өткен тұлға қажет.

«Вице-президент Иманғали Тасмағамбетов болуы керек деп ойлаймын. Ол – елге танымал, үлкен саясаткер, мемлекет қайраткері. Біраз жұмыстар істеді. Бір сөзбен айтқанда, биліктің барлық қызығын көрді ғой. Сондықтан вице-президенттікке сол кісі лайықты», - дейді Жанұзақ Әкім.

Ал ҚазҰУ-дың саясаттану докторанты Думан Шәкәрім вице-президент қызметіне екі ықтимал кандидаттың есімін атады.

Оның болжамынша, олардың бірі – Мәулен Әшімбаев.

«Вице-президент болуға үміткер нақты екі кандидатты айта аламын. Бірі – Мәулен Әшімбаев. Ол осы күнге дейін Сенаттың спикері болды, Президент Әкімшілігінде жұмыс істеді, өте тәжірибесі мол кісі. Ал екіншісі – Ерлан Қарин. Ол жаңа жүйені құрушылардың, оның дамуына атсалысып жатқандардың бірі», - дейді Думан Шәкәрім.

Ал саясаттанушы Ғазиз Әбішев нақты бір кандидатты атаудан бас тартты. Оның айтуынша, саяси этика тұрғысынан мұндай қызметке қатысты белгілі бір есімді ашық атау дұрыс болмауы мүмкін.

«Саяси этикаға сай, вице-президент кім болуын нақты айта алмаймын. Мен есімдерін нақты айтсам, Президент әкімшілігі қысым ретінде қабылдауы мүмкін», – дейді саясаттанушы.

Солай деген маман билік партиясының сайлау тізімінде вице-президенттікке үміткер болуы мүмкін бірнеше фамилия бар екенін айтты.

«ЕГЕР ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТ БОЛМАСА...»

23 тамызда Қазақстан тарихында алғаш рет бір палаталы Құрылтай депутаттарының сайлауы өтті. Сайлауға жеті саяси партия қатысып, бес партия 5 пайыздық межеден өтіп, Құрылтайдан орын алды. Сайлаушылардың қатысу көрсеткіші 74,19 пайыз болып, 9 миллионнан астам азамат дауыс берді.

Орталық сайлау комиссиясының қорытындысына сәйкес, 145 депутаттық мандаттың басым бөлігі «Әділет» партиясына тиесілі болды. Айбек Дәдебай жетекшілік ететін партия 71,17 пайыз дауыс жинап, 110 мандат алды. Қалған партиялар арасында мандаттар былай бөлінді: «Ауыл» – 10, Respublica – 9, «Ақ жол» – 8, ЖСДП – 8 мандат.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күнді ел үшін тарихи оқиға деп бағалады. Жаңа Құрылтай бұрынғы қос палаталы Парламенттің орнына келіп, заң шығарушы биліктің жаңа моделіне айналмақ.

Бірақ депутаттардың сайлануы саяси өзгерістердің алғашқы кезеңі ғана.

Ендігі маңызды мәселенің бірі – Құрылтай төрағасы кім болмақ?

Жанұзақ Әкім бұл қызметке Айбек Дәдебайдың келуі мүмкін екенін болжайды. Оның пікірінше, Құрылтайдағы саяси күштердің арақатынасы мен биліктің сенімі бұл шешімде маңызды рөл атқарады.

«Құрылтайдың төоағасы Айбек Дәдебай болады. Себебі, заң бойынша жеңген партияның жетекшісі болуы керек. Оған да Президенттің сенімі мол деп санаймын. Себебі, өзі ұсынып отыр», - дейді Жанұзақ Әкім.

Саясаттанушы жаңа заң шығарушы орган алдында ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.

«Бұл – заң шығаратын орган. Сондықтан заңдар да өркениетті, дұрыс болуы керек. Бұрынғы ескі биліктің кезіндегі коррупцияға қатысты заң мәселелерін қарап, түзету керек. Шикізат экономикасына негізделген заңдарды өзгертіп, инновациялық экономикаға көшу керек», - дейді Жанұзақ Әкім.

Ал Думан Шәкәрім Құрылтай төрағасы қызметіне Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын да қарастыруға болады деп есептейді. Бірақ бұл оның вице-президент болып тағайындалу-тағайындалмауына байланысты.

«Жаңа құрылған Құрылтай төрағасы ретінде Мәулен Әшімбаевты көремін. Егер вице-президент болмаса», - дейді саясаттанушы.

Сонымен қатар ол бұл қызметке Ерлан Қошановтың да тәжірибесі жеткілікті екенін айтты.

«Одан бөлек, Ерлан Қошановты да айта аламын. Өйткені, ол кісі Мәжілістің төрағасы болып, біраз жұмыстар атқарды. Партия қызметінде де жұмыс істеді», – дейді саясаттанушы.

Яғни сарапшылардың болжамы бойынша, Құрылтай төрағасы қызметіне Айбек Дәдебай, Мәулен Әшімбаев немесе Ерлан Қошанов секілді билік жүйесінде тәжірибесі бар тұлғалардың келуі мүмкін.

АЙДОС САРЫМ ДА АТАЛДЫ

Жаңа саяси жүйедегі тағы бір маңызды қызмет – Қазақстан Халық кеңесінің төрағасы.

Бұл орган – бұрынғы Қазақстан халқы Ассамблеясының орнына құрылған жаңа институттардың бірі. Оның төрағасы Халық кеңесінің сессиясында төрт жыл мерзімге сайланады. Кандидаттарды Президент немесе кеңес мүшелерінің кемінде үштен бірі ұсына алады.

Яғни бұл қызметке тағайындау емес, белгілі бір саяси рәсім арқылы сайлау жүргізіледі.

Сондықтан Халық кеңесінің төрағасы кім болатыны да Қазақстандағы жаңа кадрлық саясаттың маңызды көрсеткішіне айналмақ.

Жанұзақ Әкім бұл қызметке Мәулен Әшімбаевтың келуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Ол жаңа органның басты міндеті қоғамдағы түрлі топтардың арасындағы тепе-теңдікті сақтап, ұлттық бірлікке ықпал ету болуы керек деп есептейді.

«Болашақта бір бағытқа кетіп қалмауы керек. Ротация болып тұруы керек. Қазақты ұлт ретінде біріктіру үшін әр жүздің адамдары кезек-кезек отырып шығуы керек. Билікке жабысып қалған елде бірлік болмайды», - дейді саясаттанушы.

Думан Шәкәрімнің пікірінше, Халық кеңесі Құрылтай сияқты тікелей заң шығарушы билікке ие болмаса да, оның қоғамдық-саяси маңызы жоғары.

«Халық кеңесі консультативтік орган болғаннан кейін Құрылтай секілді нақты күші жоқ. Соның өзінде маңызы зор ұйым», - дейді ол.

Саясаттанушы бұл қызметке қазіргі басшылық құрамындағы тәжірибелі тұлғаларды көтеруге немесе қоғамда беделі бар қайраткерлерді тартуға болатынын айтады.

Ол ықтимал кандидаттардың қатарында Ерлан Қарин мен Айдос Сарымды да атады.

«Өйткені, ол кісілер әртүрлі жұмыс топтарында, консультативтік топтарда әртүрлі сұрақтар бойынша жұмыс істеді және осы салада тәжірибелері мол», - дейді Думан Шакарим.

Ал Ғазиз Әбішевтің болжамынша, Халық кеңесінің төрағасы қызметіне Ерлан Қошанов немесе Мәулен Әшімбаев келуі мүмкін.

Осылайша, сарапшылардың пікірінде бірнеше есім қайталанып отыр. Мәулен Әшімбаевтың аты бірден үш қызметке қатысты аталды. Ерлан Қошанов Құрылтай немесе Халық кеңесі төрағалығына ықтимал кандидат ретінде қарастырылып отыр. Ерлан Қарин вице-президенттікке немесе Халық кеңесін басқаруға лайық тұлғалардың бірі ретінде аталды.

Дегенмен әзірге бұл – саясаттанушылардың болжамы ғана. Соңғы шешімді Президент пен жаңа саяси институттардың қалыптасу тәртібі айқындайды.

Дана Нұрмұханбет

Комментарии