Халықаралық қауымдастық Ресейді соғысты тоқтатуға мәжбүрлеуі керек – Зеленский

121
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vkZFwTUOQy96b4G9SLOKjgW9wR4aUcXMrgrLjOhj.webp

Фото: Stephanie Lecocq / Getty Images

Украина президенті Владимир Зеленский халықаралық қауымдастықты бірігіп, Ресейді Украинадағы соғысты тоқтатуға мәжбүр етуге шақырды. Ол бұл туралы Украинаның Тәуелсіздік күніне орай халыққа жасаған үндеуінде айтты, деп хабарлайды "Адырна".

Зеленскийдің сөзінше, Украина, Еуропа, АҚШ және жалпы халықаралық қауымдастық Ресейге қарсы бір ұстанымда болуы қажет. Президент Киевтің соғыс жағдайында қарсылығын жалғастыратынын атап өтті.

«Украина мұны жасайды. Украина бұған дейін де бастапқыда еңсерілмейтіндей көрінген міндеттерді шешті», – деді ол.

Украина президенті Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаға қатысты жоспарларында басты факторды ескермегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей Украинадағы әскери ресурстарды, техника мен қоймаларды есептегенімен, халықтың елдің тәуелсіздігін қорғаудағы рөлін бағаламаған.
Зеленский украин қоғамының төзімділігі мен қарсылық көрсету қабілеті Ресейдің есептеулерін өзгерткенін айтты.

Сонымен қатар ол соғыс барысында Ресейдің бірқатар шығынға ұшырағанын атап өтті. Зеленский мұнай өңдеу зауыттары, әскери-теңіз флоты мен экономикалық ресурстарға келтірілген залалға тоқталып, Ресейдің соғыс салдарынан адам шығынына да назар аударды.

Украина басшысы қазіргі жағдайдың күрделі екенін мойындағанымен, Донецк облысын Ресейге беру арқылы соғысты аяқтау ұсынысына келіспейтінін тағы да білдірді. Оның пікірінше, Украинаның аумақтық тұтастығынан бас тарту соғысты тоқтатудың кепілі бола алмайды.

«Біз оларға бастаманы қолға алуға, Еуропа мен бүкіл әлемді Донбассты беру арқылы бәрі аяқталады деп сендіруге жол бермейміз», – деді Зеленский.

Президент сөзінде Қытайдың да ұстанымына тоқталды. Ол Бейжіңді Украинадағы соғысты тоқтатуға белсенді түрде ықпал етуге шақырды.

Зеленский Қытай әлемдік көшбасшы ретіндегі рөлін тек экономика мен технология саласында ғана емес, халықаралық қауіпсіздік мәселелерінде де көрсетуі керек деп санайды.

«Қытай енді үнсіз қалмауы керек», – деді Украина президенті.

Сонымен қатар Зеленский Украинаның қорғаныс өнеркәсібі мен әскери әлеуетін күшейту қажет екенін айтты. Оның сөзінше, елдің қарулы күштерін нығайту және қорғанысқа қажетті құралдармен қамтамасыз ету жалғаса береді.

АҚШ-тың ұстанымын бағалады
Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің Ресейге қатысты саясатын да жоғары бағалады. Оның айтуынша, Вашингтон Мәскеудің соғысты шын мәнінде аяқтағысы келетініне қатысты бұрынғы түсініктерін қайта қараған.

Украина президенті АҚШ пен Еуропа елдері Ресейді келіссөз үстеліне отыруға мәжбүр ету үшін қысымды күшейтіп, жаңа санкциялар енгізуі қажет деген пікір білдірді.

Комментарии