Уақыттай жылжып барады алшаңдай басқан адамдар. Саяхат жыры

584
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/22zXQfoXTfnU2R1TQlyPxMTDteTC7h7t5fCAvPxh.jpg

Қазақстандық Саяхат поэзиясының өкілі, ақын Саят Қамшыгердің Түркияда саяхаттап жүріп жазған жырларын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Ақын өзі барған қалалардан алған әсерімен бөліседі.

Әлемдік әдеби үдерісте бүгінде Саяхат поэзиясы деген жаңа бағыт бар. Саят Қамшыгердің бұл жырлары Саяхат поэзиясына жататыны анық. Онда ақын жырларымен бірге саяхаттайық.

АНКАРА АЙШЫҚТАРЫ

Бұл сапарым мың арман, жүз орай ма,

Қорған жақта бабалар ізі қайда?

Тоғыз жолдың торабы – Анкарада

тоғысады барлық жол Қызыл айда.

Бұл қалада көңілім, қалықта бір,

Сан ғасырлар жасырған тарихқа бұр.

Ататүрік – баласын құшаққа алған

мейірімді анадай Аныт қабір.

Анкараны көңілім қалап еді,

Жатырқамай қарсы алды қала мені.

Сәнденіп бір боянған актрисадай

сұлу болып кетіпті Хамамөнү.

Тұрмын бастан бақ – дәурен өткергендей,

Жыр жазбасам ойларым кептелгендей.

Асыр салған балалар Гүвенбақта

топ боп ұшқан бейкүнә кептерлердей.

Атакүле-ай кеңістік кеңітетін,

Шай ішкен жұрт рахатқа елітетін.

Қожатөбе мешіті жақтан шыққан

азан үні-ай мұзыңды ерітетін!

Шаһар түсіп кетіпті тау, далаға,

Алты миллион халық бар тар қалада.

Бес сағаттай бес күнім өтіп кетті

Жаһанға құшақ жайған Анкарада!

*** 

КАППАДОКИЯ

Арайлап таңың бар атқан,

Аңызсың ел-жұрт таратқан.

Сені Хақ келген адамдар

таң қалу үшін жаратқан!

Көрмедей керім жасалған,

Қай кезден жеттің, қашаннан?

Бітпейтін ғажап ертегі,

үйлерің тастан қашалған.

Көңілім саған бұрылды,

Арттырып тұрсың құныңды.

Күшейттің рух пен иманды,

табиғаттағы туынды!

Сәулетің ләззат берерлік,

Сөз таппай қалдым теңерлік.

Тылсымның барын ұқтырған,

не деген көркем шеберлік!

Жер беті ғажап, ұғындық,

Күнбағыстайын бұрылдық.

Аударған Әлем назарын,

иен даладағы сұлулық!

 Ойланбау мұнда бекер ғой,

Гөреме сырлы мекен ғой.

Адамға тау мен тасты Хақ,

үй етіп қойған екен ғой!

*** 

ГӨЗЛЕМЕ 

Мәшһүр еткен өлкені,

Түркияның көркемі –

Гөзлеме, ол бейне бір

әжемнің ақ шелпегі.

Таңдап көріп, жүріп ал,

Гөзлемені біліп ал.

Асжапырақпен, картоппен,

ірімшікті түрі бар.

Кешке, түсте, азанда,

Жеуге асығам базарға.

Сәл-пәл майлап, қариды

төңкерілген қазанға.

Алуға ел үйілген,

Жеген адам сүйінген.

Жаңа піскен гөзлеме-ай,

дәмі тілді үйірген!

Айтып жүрем өзгеге,

Сүйкімді ғой көзге де.

Әлемдегі дәмді ас бір –

Түркиядағы гөзлеме.

*** 

СИНАН САЛҒАН МЕШІТТЕ

Мұрасың келген бізге бақ бабамнан,

Сезіндім ғасырларды артта қалған.

Османның мемлекетін көргендеймін

аулаңа алғаш қадам аттағаннан.

Азаның қуат берді түзеп мені,

Не деген ағаш, гүлің ізетті еді.

Күмбезің еңселі екен Сүлеймендей,

сарбаздай төрт мұнараң күзеттегі.

Тарихқа жетелейсің мына бізді,

Білдік қой өзің жайлы мың аңызды.

Раббыма жалбарынам сәжде жасап,

көтеріп қалай жүрміз күнәмізді?!

Келгендер қуанышқа кенеледі,

Бір Хақсыз қолымыздан не келеді?

Құдайдан шабыт алып бой көтерткен

сәулетші Синан қандай шебер еді!

Келгенде күліп атты таңым да алдан,

Адамдар мың жасайды барында арман.

Қасқайып біз де сендей қала алсақ қой

зілзала, дауылдар мен жалындардан.

Жалғасып тұрғандайсың теңізбенен,

Өзіңді Көк мешітпен егіз дегем.

Құдайдың рақымынан үміт үзбес

өмірде мен де кептер жем іздеген…

Елемей жүрер ме екем сірә, мұңды,

Жаққандай болдың қайта шырағымды.

Өмірге жетерліктей азық етем

сыйлаған алақандай Құраныңды.

Түскен ем күмән, күдік түнегіне,

Бір Хақтан сәуле түсті жүрегіме.

Ғаламның есіктері ашылғандай

маңдайды қойған кезде кілеміңе.

Қадырын біліп мына “қырық қырдың”,

Тарихты бес ғасырлық ұғып тұрмын.

Бітпейтін күйбең тірлік артта қалып,

әп сәтте қиындықты ұмыттырдың!

*** 

ЫСТАМБҰЛ ӘУЕЖАЙЫ

Сырты нұр, іші гүлхана,

Жолаушыларға тұр пана.

Құжынап жатқан тіршілік,

әуежай өзі бір қала.

Күні-түн тұрған гуілдеп,

Әуежай күтер күлімдеп.

Ақ қанат арман – ұшақтар

ұшуда көкке гүрілдеп.

Кешікпеу үшін алаңдар,

Таблоға қарар жарандар.

Уақыттай жылжып барады

алшаңдай басқан адамдар.

Өмірден көп ой түйген ек,

Асыққан адам күйгелек.

Тіркеуден ерте өткен соң

кофе ішкен жанда күй бөлек.

Кейбіреу жетер сағына,

Біреулер күтер зарыға.

Әуежай ортақ үй сынды

ақ нәсіл, қара, сарыға. 

Жолаушылардың қонысы,

Адамға лықа толы іші.

Ыстамбулдағы әуежай – 

мәдениеттердің тоғысы!

*** 

ҚАРАХАИТ АУЫЛЫ

Айналайын қоңырсалқын кешіңнен,

Енді менің шықпайсың сен есімнен.

Базарыңда қанша киім киіліп,

шайханаңда небір түйін шешілген.

Қос мешітің қос көзімдей мендегі,

Жемістер-ай, бағбандардың еңбегі.

Ағаштарың иілуді үйретті,

суың болса жүз дертімнен емдеді.

Қою күрең шайың қандай аңқыған,

“Бардагыңнан” қанып ішіп, сарқығам.

“Кардеш, кел” деп елпілдеген қонақжай

тұрғындарың айырылмапты салтынан.

Қарахаит, қарапайым қауымың,

Жаныңда мен титтей ғана тарымын.

Сары май мен ірімшіктің дәмін-ай,

тіл үйірген қарбызың мен қауының.

 

Қарахаит, даңқың артық өзгеден,

Тыныштықты қалай бұрын сезбегем?

Әр қоңыр кеш бір-бір қоңыр қозыдай,

сағындырар көшеңдегі гөзлемең.

Аспаныңда күлімдеп тұр күн әр кез,

Келген жанға  келбетің де ұнар тез.

Мейлі, Әлем дүрліксе де дүбірде,

Қарахаит, тыныштықта тұр әр кез!


****

ИЕРАПОЛИС

Жылдар бойы уақыттың дәнін терген,

Көзімсің сен ғасырлар сәнін көрген.

Алмалық пен Талхиздан келіп тұрмын,

Иераполис, жетіпсің дәуірлерден.

Сезем, көңіл көзінің жасы мұңнан,

Айырыпты зілзала асылыңнан.

Мұнараңмен мәдениет қалыптасқан,

Әр тасыңда тарих тұр жасырынған.

Басыңа бақ бір кезде қонған екен,

Жолаушылар моншаңа толған екен.

Көшелерің бейне бір күретамыр,

амфитеатр жүрегің болған екен!

Солтүстіктен кіріп ем, мына бастан,

Құпияңа қанықтым сұрамастан.

Бос қалдың деп қалайша айтамын мен,

тастарыңды мүк пенен қына басқан…

Құрмет тұтып келгенмен сырласасың,

Сені көрген туристер мың жасасын.

Еркін ескен желге сен еркелейсің,

бұйра-бұйра бұлттармен мұңдасасың.

Суларыңда өмірдің сыры тұнған,

Қалалар көп орыны ұмытылған.

Таң атқаннан адамдар ағылады,

Иераполис, қаласың тірі тұрған!

*** 

ПАМУККАЛЕ

Памуккале – “мақта қорған”,

Берілмедің жатқа қолдан.

Шипа табу үшін сенен

бабам түрік атқа қонған.

Хақ уақытты зуылдатқан,

Арттырады құныңды ақ таң.

Жер астынан шығып жатқан

кешіп тұрмын суыңды аққан.

Жабықпа да, қамықпа да,

Сан жоқ келген халықта да.

Гректер менен римдіктер де

тұрақтапты салып қала.

Қарататын басқа аймақты,

Мінезің де рас, қайратты.

Мамық болып көрінсең де,

табиғатың тастай қатты.

Памуккале, аппақ әлем,

Үйілген көп мақтадан ең.

Әлемді жүз кезсем дағы

сендей сұлу таппаған ем.

Аңызы мен сыры басым,

Памуккале, ұғынасың.

Қайта айналып келгенімше

ыстық суың суымасын!

Саят Қамшыгер, 

Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты

 

Комментарии