МӘМС қаржысын жымқыру. 140 мың азаматты жалған тіркеу дерегі анықталды

247
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/gJqfPjd87TfURZs9Vei6zVoheTWvRYvfi2hT0nKZ.jpg

Қаржылық мониторинг агенттігі шамамен 140 мың азаматты медициналық ұйымдарға жалған тіркеу және көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған мәлімет енгізу арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемаларын анықтады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

ҚМА мәліметінше, қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 3,5 миллиард теңгеден асады.

ҚМА Түркістан облысында Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын айтты. Тергеу деректеріне сәйкес, МӘМС аясында бөлінген қаражат іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпеген және тауар жеткізбеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшоттарына аударылған. Нәтижесінде мемлекетке 501 миллион теңгеден астам шығын келтірілген. Іс бойынша екі күдікті қамауға алынған.

Сондай-ақ Астанада «Forte Clinic» жеке клиникасының басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемасын ұйымдастырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Оның сыбайласы – Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызметкері азаматтарды тіркеу туралы өтінімдерді заңсыз мақұлдағаны үшін 3 жылға сотталған. Тергеу барысында клиникаға 15 мыңнан астам азаматтың заңсыз тіркелгені және 79 миллион теңгенің жалған медициналық қызметі рәсімделгені анықталған.

Ал Алматы облысында «Mydental.kz» және «Стоматология Dr. Nurzhanova» клиникаларының басшысы стоматологиялық қызмет көрсету кезінде алаяқтық жасағаны үшін 4 жылға сотталған. Тергеу мәліметінше, пациенттерге нақты қызмет көрсетілмеген, ал құжаттарды рәсімдеу үшін дәрігерлердің тіркелгілері мен кәмелетке толмағандардың жеке деректері пайдаланылған. Нәтижесінде мемлекетке 66 миллион теңге шығын келтірілген.

Қаржылық мониторинг агенттігі бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Комментарии