«Енді мен еркінмін». Бақытжан Базарбек депутаттық мандатын тапсырды

111
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pJg9B5w2P49pyK1r1rDsuovHQisa8VZi638MXxUO.jpg

Мәжілісте үш жарым жылға жуық қызмет атқарған депутат Бақытжан Базарбек Парламенттегі жұмысын аяқтады. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабрлайды "Адырна".

«Парламенттегі үш жарым жылдық қызметімде еліме және халқыма адал әрі принципті түрде қызмет етуге тырыстым. Мәжілістің белсенді депутаттарының біріне айналдым. Егер халықтың сенімі мен құрметіне ие бола алсам, демек, жүріп өткен жолым зая кетпегені», – деп жазды ол.

Базарбек алдағы уақытта өмірінің жаңа кезеңі басталатынын айтып, кез келген өзгеріс жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді. Сондай-ақ осы уақытқа дейін өзіне қолдау көрсетіп, сенім білдірген азаматтарға алғысын білдірді.

«Енді мен еркінмін. Өмірімде жаңа кезең басталады. Бір есік жабылса, екіншісі ашылады», – деді депутат.

Бақытжан Базарбек Мәжілістегі қызметі барысында жер заңнамасы, қала құрылысы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін белсенді көтерді. Ол Алматы мен Астанадағы бейберекет құрылысқа, сейсмикалық қауіпті аймақтар мен тау бөктеріндегі заңсыз нысандардың салынуына қарсы пікір білдіріп, оларды тоқтатуды талап етті.

Сонымен қатар ірі латифундистер мен олигархтардың иелігіне заңсыз өткен жайылымдық және ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару мәселесін тұрақты көтеріп, осы бағыттағы заңнамалық өзгерістердің қабылдануына бастамашы болды.

Әлеуметтік желі қолданушылары Мәжілістегі белсенді әрі принципшіл депутаттардың бірі саналатын Бақытжан Базарбектің жаңа құрамнан тыс қалғанына қатысты түрлі пікір білдіруде.

Комментарии