Оксфордтағы қазақ дәрігері Әселжан Сарбалина: «Әрбір әйелдің ана атануға мүмкіндігі болса деймін»

239
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SZRoV7b50WAY0pI5YdatyH8u7ysQmMHOtp3KX5MX.jpg

Ол – нақты мақсаты бар ғалым-дәрігер. Ұлыбританиядағы атақты Оксфорд университетінде репродуктивті медицина бағыты бойынша докторантурада білім алып жатқан қазақ қызы. Қазақ әйелдеріне ана болу мүмкіндігін сыйлап, жатыр трансплантациясын жасаймын деген арманын жүзеге асыру үшін, ғылыми жобасын жүзеге асырып, күрделі зерттеу жұмыстарын табандылықпен жүргізіп келеді. Кардиолог анасын үлгі етіп өскен дәрігер Әселжан Асуланқызы Сарбалинадан «Адырна» үшін арнайы сұхбат алдық.

Құрметті Әселжан, Сіз талай білімді жастың арманы болған, әлемдегі ең үздік оқу орындарының бірі – Оксфорд университетінде докторантурада білім алып жүрсіз. Бұл өмірдің кездейсоқ сыйы ма, әлде айқын мақсатпен жеткен нәтиже ме?

– Менің ойымша, бұл кездейсоқтық емес. Кішкентай кезімде ата-анам мені ағылшын тілін жақсылап үйренсін деп, қосымша курсқа берді. Әкем Асулан Қайрошұлы «Теңіз» мұнай-газ компаниясында шетелдік мамандармен бірге жұмыс істейтін. Сол кезде ол: «Балаларым ағылшын тілін еркін меңгерсе екен», деп жиі айтатын.

Бірде ағылшын тілі оқулығын ашқанда, Оксфорд университетінің суретін көрдім. Сол сәтте бұл оқу орны мен үшін ерекше әсер қалдырды. Әрине, бала күнімде бір күні дәл осы университетте оқимын деп ойламадым. Бірақ бүгінде сол арманға жетуім ата-анамның тәрбиесінің, үздіксіз еңбектің, өз ісіме деген сүйіспеншіліктің және мақсатқа деген сенімнің нәтижесі деп білемін. Бала қиялым болған Оксфорд университетінің Medical Sciences Division Student Committee (Медицина ғылымдары бөлімінің студенттік комитеті) ұйымының биыл президенті болып сайланып, студенттердің академиялық және қоғамдық өміріне бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып жүрген жайым бар.

Ал өзіңіз қай жақтың тумасы боласыз? Мектепті қайда бітірдіңіз?

– Мен Атырау облысы, Құлсары қаласында дүниеге келгенмін. Бірақ бастауыш сыныпты Жамбыл облысының Қордай ауылында оқыдым. Кейін қайтадан Құлсарыға көшіп, Макаренко атындағы мектепте білімімді жалғастырдым. Ал 10-11-сыныпты Құлсары қаласындағы №6 А.С. Пушкин атындағы мектепте үздік аяқтадым. Мектеп қабырғасы менің білімге деген қызығушылығымды оятып, ойлау қабілетімді дамытуға үлкен үлес қосты дей аламын. Кейін Астана медицина университетіне оқуға түсіп, бакалавриат бағдарламасын үздік дипломмен аяқтадым. Дәрігер болу арманымды жүзеге асыру мақсатында акушерия және гинекология мамандығын таңдадым.

Дәрігер боламын деген шешімге қалай келген едіңіз?

– Өмірдегі ең үлкен үлгім – анам. Анам Сарбалина Сәлима Жайшылыққызы – жоғары санатты кардиолог-дәрігер. Ол отыз жылдан астам уақыт медицина саласында еңбек етіп келеді. Денсаулық сақтау саласындағы көпжылдық адал еңбегі мен халық денсаулығын сақтауға қосқан елеулі үлесі үшін анам министрліктің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін алған. Сонымен қатар Ұлттық медициналық қауымдастықтың «Алтын дәрігер» медалімен және Қазақстан медицина қызметкерлері қоғамының І дәрежелі «Ибн Сина» ордендерімен марапатталған.  

Кішкентай кезімнен бастап анам мені өзімен бірге жұмысқа ертіп жүретін. Сол кезден-ақ дәрігер болатынымды анық білдім. Оның медицинаға, әрбір пациентіне деген жанашырлығы ерекше. Бүгінде жасы 65-ке келсе де, әлі күнге дейін ізденістен жалыққан емес. Күн сайын кешке кітап, клиникалық хаттамалар мен ғылыми мақалалар оқиды, ғылыми конференцияларға қатысып, әріптестерімен тәжірибе алмасып жүреді. Мен анамнан ең алдымен дәрігер болуды емес, өмір бойы білім алуды, кәсібіңді шын жүректен сүюді үйрендім. Ол – менің өмірдегі ең үлкен ұстазым әрі шабыт беретін тұлғам.

Бәрекелді! Содан дәрігер дипломын алған соң, бірден ғылымға келдіңіз бе, әлде клиникада жұмыс істедіңіз бе?

– Шынымды айтсам, бастапқыда ғылым туралы мүлде ойлаған жоқпын. Менің мақсатым клиникалық медицинада жұмыс істеу, операция жасау және пациенттерге көмектесу болатын. Еңбек жолымды 2016 жылы Астанадағы бірінші перинаталдық орталықта бастадым. Алғашқы басшым, марқұм Дина Амангелдіқызы мені өз командасына қабылдап, үлкен сенім артты. Сонымен қатар Ғалым Шегенов, Венера Айтілесова және Алтын Райымбекова сынды мықты дәрігерлер кәсіби тұрғыда көп нәрсе үйретіп, әрдайым қолдау көрсетті. Дәрігер ретінде қалыптасуыма осы кісілердің еңбегі зор дер едім.

Ковид кезіндегі тәжірибеңізбен бөліссеңіз. Сол қиын кезеңде есіңізде ерекше қалған оқиға болды ма?

– Пандемия кезінде ауыр хәлде түскен жас пациентіміз болды. Өкпесінің шамамен 70%-ы зақымданған еді. Біз ана мен баланың өмірі үшін соңына дейін күрестік. Бірақ жағдайы барған сайын нашарлап кеткендіктен, операция арқылы босандыруға мәжбүр болдық. Өкінішке қарай, сәби аман қалмады. Кейін септикалық асқынулардың салдарынан, жас ананың өмірін сақтау үшін, оның жатырын алып тастауға тура келді. Біраз күннен кейін, жағдайы жақсарған соң ол маған: «Мен енді ешқашан ана бола алмаймын ба?.. Неге жатыр трансплантациясын жасамайсыздар?» деген ауыр сұрақ қойды. Сол сәтте мен жауап бере алмай қалдым. Бұған дейін жатыр трансплантациясы туралы әріптестерімнен де, ғылыми конференцияларда да естімеген едім. Содан кейін осы тақырыпты мұқият зерттей бастадым. Сол оқиға дәл бүгінгі ғылыми жолымды таңдауыма себеп болған ең маңызды түрткі еді.

Иә, әсерлі оқиға екен... Жатыр трансплантациясы – әлемдік медицинадағы жаңа бағыттардың бірі. Оның күрделілігі неде? Қазақстанда бұл әдіс қашан енгізілуі мүмкін деп ойлайсыз?

– Жатыр трансплантациясы – қазіргі трансплантология мен репродуктивтік медицинаның ең күрделі бағытының бірі. Себебі мұнда тек операцияны сәтті жасау жеткіліксіз. Көпшілік жатыр трансплантациясының ең қиыны операция деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде операция – жұмыстың тек кішкентай бөлігі ғана. Негізгі мақсат – әйелдің кейін жүкті болып, дені сау сәбиді дүниеге әкеле алуы. Сондықтан басқа ағзаларға арналған трансплантация хаттамаларын жатыр трансплантациясына толық қолдану мүмкін емес. Бұл – бірнеше сала өкілдерінің бірлескен еңбегін талап ететін мультидисциплинарлық тақырып. Сондықтан мұндай бағдарламаны сәтті іске асыру үшін трансплантолог, репродуктолог, иммунолог, акушер-гинеколог, анестезиолог және басқа да мамандардан құралған мықты команда қажет.

Қазақстанда бұл әдісті енгізуге болады деп ойлаймын. Бізде өте мықты дәрігерлер бар ғой. Осы тақырып бойынша көптеген маманмен кездесіп, талай кабинеттің табалдырығын тоздырдым. Менің бастамамды алғашқылардың бірі болып қолдап, сенім білдірген Алтынова Венера Ханапиқызы, Оразбаева Гүлфайруз Ғалымқызы және Мелс Нұрсейітұлына ерекше ризамын.

Жатыр трансплантациясын ойдағыдай дамытып, сәтті жүзеге асыру үшін ондаған жылдық ғылыми зерттеу, халықаралық тәжірибе, мықты команда және үлкен табандылық қажет. Жаңа медициналық технологияны елімізде алғаш болып енгізу оңай емес. Бірақ Қазақстан Еуразия кеңістігінде жатыр трансплантациясын сәтті енгізген алғашқы елдердің бірі бола алады-ау деп үлкен үмітпен қараймын.

– Үмітіңіз ақталсын. Ал Оксфордқа дейін Германия мен Венгрияда тағылымдамадан өтіпсіз. Ол жақтан не үйрендіңіз?

– Бұл студент кезімдегі қысқа мерзімді практикалық тағылымдамалар болатын. Негізгі мақсат шетелдегі медицина жүйесін өз көзіммен көру, біздің елмен салыстыру және Қазақстанда қолдануға болатын жақсы тәжірибелерді үйрену еді. Пандемиядан соң қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы білімімді жетілдіру мақсатында Назарбаев университетіне түсіп, Public Health мамандығы бойынша магистратураны да тәмамдағанмын.

Ал сіз қазір ғылыми жобаңызды жүзеге асырып жатқан Оксфордтағы ғылым жүйесінің басты ерекшелігі қандай?

– Оксфордтағы ең үлкен ерекшелік – командалық жұмыс мәдениеті. Мұнда әркім өз білімін бөлісуге, бір-біріне көмектесуге дайын. Басты мақсат – студентке диплом беру емес, оны тәуелсіз зерттеуші ретінде қалыптастыру. Менің ғылыми зерттеу бағытым – жатыр трансплантациясынан кейінгі иммунологиялық қабылдамаудың алдын алу әдістерін зерттеу. Сол бойынша Франция және Руанда елдерінде өткен халықаралық конференцияларға қатысып, жатыр трансплантациясы мен суррогат ана болудың маңыздылығы туралы баяндамалар жасадым.

Сізге осындай әлемдік деңгейдегі ғалым-дәрігер болуға ағылшын тілін еркін меңгеру де үлкен әсер еткені анық. Тілді жетік меңгере алудың сыры неде?

– Бұл сұрақты маған өте жиі қояды. Кейде ағамның өзі: «Формулаң қандай?» деп әзілдейді. Шынын айтсам, ешқандай құпия жоқ. Алдыңғы сөзімде айтқандай, бала күнімде ата-анам мені ағылшын тілі курсына берді. Бір жылдан кейін оқу ақысы көтерілгенде, ата-анамның ақшасын қимай, «Енді өзім оқимын» деп шештім. Ол кезде қазіргідей YouTube те, онлайн платформалар да жоқ еді. Бірақ ағылшын тіліндегі әндердің дискілері болатын. Ән мәтіндерін сөзбе-сөз аударып, мектеп оқулықтарымен бірге өз бетімше оқитынмын. Кейін интернет пайда болған соң, фильмдерді тек ағылшын тілінде көре бастадым. Түрік тілін де дәл осылай үйрендім. Меніңше, тіл үйренудің ең тиімді жолы – сол тілді күн сайын өміріңнің бір бөлігіне айналдыру.

Құрметті Әселжан, дәрігер ретіндегі арманыңыз қандай?

– Менің ең үлкен арманым – әйелдердің ана болу мүмкіндігін сақтау, олардың репродуктивтік денсаулығына қатысты мүмкіндіктерін кеңейту және таңдау құқығын қорғауға үлес қосу. Жатырсыз туған немесе түрлі себеппен жатырынан айырылған әйелдердің ана атану мүмкіндігі міндетті түрде болуы керек деп санаймын. Ал озық ғылым дәл осы ізгі арманды жүзеге асыру үшін қызмет етуі тиіс. Мен үшін ғылымның ең үлкен міндеті – адамдарға үміт сыйлау. Егер менің зерттеуім болашақта ең болмаса бір әйелдің ана болуына мүмкіндік берсе, бір отбасының бақытына себеп болса, мен өз миссиямды орындадым деп есептер едім.

Ал қазақ қызы ретінде тілегім сол, қыздарымыз ешқашан білім алудан, ғылыммен айналысудан немесе үлкен арман құрудан қорықпаса екен. Қыз баланың мүмкіндігі ешқашан бір ғана рөлмен шектелмеуі керек деп ойлаймын. Ол жақсы ана да, мықты дәрігер де, ғалым да, еліне қызмет ететін азамат та бола алады.

Шынайы пікіріңізге көп рақмет! Асыл арманыңыз орындалып, қазақтың мақтан етер аяулы дәрігері болыңыз

Сұхбаттасқан журналист Алма Сайлауқызы

Ұлыбритания

Комментарии