Нобель иегері Мо Яньнің қос кітабы қазақ тілінде жарық көрді

354
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Nsncm9WoPbvN1cM9UX2NKo08uewtDI6y8zFqQyTF.jpg

Әйгілі жазушы, Нобель сыйлығының иегері Мо Яньнің қазақ тілінде қос бірдей кітабы жарық көрді. Бұл туралы 17 маусымда Жазушылар одағының баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Қазақтілді оқырманға әлем әдебиетінің көрнекті өкілі, 2012 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, қытай жазушысы Мо Яньнің қазақ тіліндегі екі бірдей кітабы таныстырылады. Қазақстан Жазушылар одағынан жарық көрген бұл еңбектер – жазушының әйгілі «Сарымсақ жыры» романы мен «Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?» атты публицистикалық жинағы»,– делінген хабарламада.

Кітаптардың тұсаукесері мен ресми таныстырылымы 22 маусым күні Алматы қаласында автордың қатысуымен өтеді. Бұл қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеті арасындағы мәдени байланыстарды нығайтатын маңызды оқиға болмақ.

«Сарымсақ жыры» – Мо Янь шығармашылығындағы ең танымал туындылардың бірі. Жазушының өзіне тән магиялық реализм элементтері мен өткір әлеуметтік сынға құрылған бұл роман көптеген тілдерге аударылып, әлем оқырмандарының жоғары бағасына ие болған. Кітапты қазақ тіліне аударған - Төлеген Меллат.

«Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?» – қазақ тілінде жарық көріп отырған Мо Яньнің тұңғыш публицистикалық жинағы. Кітапқа жазушының әр жылдары жазылған эсселері, әдеби толғаныстары, сұхбаттары мен публицистикалық мақалалары топтастырылған. Жинақта автордың әдебиет пен өнер туралы көзқарастары, шығармашылық зертханасы, заманауи қоғам жайлы пайымдары, сондай-ақ әлем әдебиетінің ірі тұлғаларына қатысты ой-толғамдары қамтылған. Кітап атауының өзі Мо Янь шығармашылығына елеулі ықпал еткен америкалық жазушы Уильям Фолкнерге деген рухани құрмет пен әдеби сабақтастықты аңғартады. Жинақты қазақ тіліне аударғандар - Еділбек Дүйсен, Әлихан Махаш.

Қазақ тілінде жарық көрген қос кітап Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуына да өзіндік үлес қоспақ.

Бұған дейін  Нобель иегері Мо Яньнің алғаш рет Қазақстанға келетінін жазған едік.

Комментарии