Органикалық қысқы дәнді дақылдар күні: ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік инновациялар

129
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/U2CrLS7OYaWf3rI830HCRyCncUCfXYCd4N77aSHi.jpg

Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» ғылыми  тағылымдамасы аясында АҚШ-тың Калифорния штатындағы UC Davis университетінде зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында 2026 жылдың 5 маусымында Орегон штатындағы Корваллис қаласында орналасқан Oregon State University (OSU) зерттеу фермасында өткен дәстүрлі Organic Winter Grains Field Day ғылыми-практикалық конференциясына қатысу мүмкіндігі туды.

Бұл іс-шара органикалық ауыл шаруашылығы саласындағы соңғы ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізу жолдарын көрсетуге, фермерлер мен ғалымдар арасындағы тәжірибе алмасуды дамытуға және органикалық егіншіліктің болашақ бағыттарын талқылауға арналған.

Конференцияға фермерлер, агрономдар, зерттеушілер, журналистер, студенттер және ауыл шаруашылығы саласының мамандары қатысты. Семинар барысында қысқы дәнді дақылдардың жаңа сорттары, олардың өнімділігі, климаттық өзгерістерге бейімділігі, ауруларға төзімділігі және органикалық өндірістегі тиімділігі жөнінде ғылыми мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар тәжірибелік алқаптарда жүргізіліп жатқан зерттеулер көрсетіліп, қатысушылар ғалымдармен тікелей пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды.

Конференцияда ерекше назар аударылған дақылдардың бірі – жалаңаш арпа (Naked Barley) болды. Дәстүрлі арпадан айырмашылығы, оның дәні қабықсыз келеді, сондықтан өңдеу барысында қосымша тазарту жұмыстарын қажет етпейді. Бұл қасиет өндірістік шығындарды азайтып қана қоймай, оны тағам өнеркәсібінде кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді. Ғалымдардың айтуынша, жалаңаш арпа құрамында ақуыз, тағамдық талшықтар, В тобы дәрумендері мен минералдар мол. Әсіресе оның құрамындағы бета-глюкан адам ағзасындағы холестерин деңгейін төмендетуге көмектесетін маңызды биологиялық компонент болып табылады. Сондықтан бұл дақыл функционалдық тағам өнімдерін өндіруде жоғары бағаланады.

Зерттеу нәтижелері жалаңаш арпаның Орегон өңірінің табиғи-климаттық жағдайына жақсы бейімделетінін және органикалық жағдайда тұрақты өнім бере алатынын көрсетті. Қазіргі таңда АҚШ пен Еуропада табиғи және пайдалы тағамдарға сұраныстың артуына байланысты жалаңаш арпаға қызығушылық өсіп келеді. Бұл дақылдан ұн, жарма, ботқа өнімдері, нан және әртүрлі диеталық тағамдар өндіріледі. Органикалық шаруашылықтар үшін ол экономикалық жағынан тиімді әрі экологиялық тұрақты өнім ретінде бағалануда.

Конференция барысында қысқы бидай сорттарына арналған тәжірибелік алқаптар да кеңінен таныстырылды. Бидай әлемдік азық-түлік қауіпсіздігінің негізін құрайтын стратегиялық маңызы жоғары дақылдардың бірі болып табылады. Сондықтан органикалық жүйелерге бейімделген жаңа сорттарды шығару мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде.

OSU ғалымдары жүргізген зерттеулерде бидайдың өнімділігімен қатар оның ақуыз мөлшері, ұндық қасиеттері және нан пісіру сапасы бағаланды. Органикалық егіншілікте синтетикалық тыңайтқыштар мен химиялық пестицидтер қолданылмайтындықтан, өсімдіктің табиғи төзімділігі шешуші рөл атқарады. Осыған байланысты селекционерлер ауруларға қарсы иммунитеті жоғары әрі сапалы өнім беретін сорттарды шығаруға басымдық беруде.

Конференцияда ұсынылған деректерге сәйкес, органикалық бидайдан өндірілетін өнімдерге сұраныс жыл сайын артып келеді. Әсіресе табиғи өнімдерді тұтынушылар арасында органикалық ұннан дайындалған нан, макарон және кондитерлік өнімдерге қызығушылық жоғары. Бұл үрдіс органикалық бидай өндірісінің болашағы зор екенін көрсетеді.

Осы жиында тағы да бір кеңінен талқыланған дақылдардың бірі – қара бидай (Cereal Rye) болды. Қара бидай тек астық өндіру үшін ғана емес, топырақты қорғаушы дақыл ретінде де маңызды орын алады. Оның тамыр жүйесі жақсы дамығандықтан топырақ құрылымын жақсартып, эрозияның алдын алады және арамшөптердің таралуын табиғи жолмен шектейді. Ғалымдардың пікірінше, қара бидай органикалық егіншіліктегі ең тиімді жабындық дақылдардың бірі болып саналады. Ол топырақтағы азоттың шайылып кетуін азайтады, ылғалды сақтауға көмектеседі және органикалық заттардың мөлшерін арттырады. Сонымен қатар құрғақшылыққа төзімділігі жоғары болғандықтан климаттық өзгерістер жағдайында тұрақты өнім бере алады. Қара бидайдың тағы бір маңызды артықшылығы – оның көміртекті топырақта сақтауға ықпал етуі. Бұл қасиет парниктік газдардың атмосфераға бөлінуін азайтып, ауыл шаруашылығының экологиялық тұрақтылығын арттыруға көмектеседі. Сондықтан көптеген фермерлер қара бидайды органикалық өндірістің маңызды элементі ретінде пайдаланып келеді.

Ең қызықты зерттеу нысандарының бірі – тритикале болды. Тритикале бидай мен қара бидайды будандастыру арқылы алынған гибридті дақыл. Ол бидайдың жоғары өнімділігі мен қара бидайдың қолайсыз жағдайларға төзімділігін біріктіреді. Ғалымдардың мәліметінше, тритикале жоғары өнім береді, көптеген ауруларға төзімді және қоректік заттарға бай. Оның құрамындағы ақуыз мөлшері бірқатар астық дақылдарынан жоғары болғандықтан, мал азығы ретінде кеңінен пайдаланылады. Сонымен қатар климаттық өзгерістердің әсері күшейіп отырған қазіргі кезеңде тритикале тұрақты өнім беретін баламалы дақыл ретінде бағалануда. Қазіргі уақытта АҚШ-та тритикале негізінен жемдік мақсатта қолданылғанымен, оны тағам өнеркәсібінде пайдалану бағытындағы зерттеулер де жалғасып жатыр. Ғалымдар тритикале ұнын нан өнімдеріне қосу арқылы олардың тағамдық құндылығын арттыру мүмкіндіктерін зерттеуде.

Шара бағдарламасының маңызды бөлімдерінің бірі фава бұршақтарының (Fava Bean) сорттық сынақтары болды. Фава бұршағы органикалық егіншіліктегі маңызды бұршақ тұқымдас дақылдардың бірі саналады. Оның басты ерекшелігі – атмосфералық азотты байланыстырып, топырақтың табиғи құнарлылығын арттыру қабілеті. Ғалымдар әртүрлі сорттардың өнімділігін, ауруларға төзімділігін және қоректік құндылығын салыстырды. Фава бұршағының құрамындағы ақуыз мөлшері жоғары болғандықтан, ол адам тағамында да, мал азығында да кеңінен пайдаланылады. Сонымен қатар оның гүлдері аралар мен басқа да тозаңдандырғыш жәндіктер үшін маңызды қорек көзі болып табылады.

Органикалық шаруашылықтарда фава бұршағы ауыспалы егіс жүйесінің маңызды элементі ретінде қарастырылады. Өйткені ол топырақтағы азот қорын табиғи жолмен толықтырып, минералды тыңайтқыштарға тәуелділікті азайтады. Бұл өз кезегінде өндіріс шығындарын төмендетуге және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.

Конференция бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі органикалық егіншілік жүйесіндегі аурулар мен арамшөптерді басқару технологияларына арналды. Ғалымдар химиялық препараттарды қолданбай-ақ тиімді нәтиже беретін әдістерді таныстырды. Олардың қатарында ауыспалы егіс жүйесін пайдалану, жабындық дақылдарды өсіру, төзімді сорттарды таңдау, механикалық өңдеу әдістері және биологиялық бақылау технологиялары бар. Мамандардың айтуынша, бұл тәсілдер ауыл шаруашылығы өндірісінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, топырақ құнарлылығын ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді. Органикалық егіншіліктің басты мақсаты – табиғи ресурстарды тиімді пайдалану арқылы сапалы әрі қауіпсіз өнім өндіру.

Oregon State University ұйымдастырған Organic Winter Grains Field Day ғылыми-практикалық конференция органикалық ауыл шаруашылығының даму бағыттарын айқындайтын маңызды ғылыми алаң болды. Жалаңаш арпа, бидай, қара бидай, тритикале және фава бұршағы бойынша жүргізілген зерттеулер органикалық өндірістің тиімділігін арттыруға, топырақ құнарлылығын сақтауға және ауыл шаруашылығының экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталғанын көрсетті.

Конференция барысында ұсынылған ғылыми нәтижелер климаттық өзгерістер жағдайында тұрақты азық-түлік жүйесін қалыптастырудың маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай ғылыми-практикалық кездесулер зерттеушілер мен фермерлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, инновациялық технологиялардың өндіріске тиімді енгізілуіне ықпал етеді. Қазақстан үшін де бұл тәжірибе органикалық егіншілікті дамыту, ғылыми зерттеулерді өндіріспен ұштастыру және тұрақты ауыл шаруашылығын қалыптастыру тұрғысынан ерекше құнды болып табылады.

UC Davis университеті

Калифорния штаты

«500 ғалым» жобасы бойынша

«Болашақ» бағдарламасының

стипендиаттары

Курманбаева Алмагуль

Тултабаева Тамара

Машанова Нурбиби

Комментарии
Другие материалы