Негізгі акционерлерінің бірі Нұрсұлтан Назарбаев қоры болып саналатын КТК коммерциялық телеарнасы 2025 қаржы жылының қорытындысы бойынша шығынға ұшырады. Бұл туралы ақпарат Қаржылық есептілік депозитарийінің порталында жарияланған акционерлер жиналысының хаттамасында көрсетілген, деп хабарлайды "Адырна".
2026 жылғы 28 мамырда өткен акционерлер жиналысында компанияның теріс қаржылық нәтижесіне байланысты 2025 жылғы таза табысты бөлмеу туралы шешім қабылданды. Осыған сәйкес, жай акциялар бойынша дивидендтер төленбейді. Айта кетейік, мұндай төлемдер соңғы бірнеше жыл қатарынан жүргізілмей келеді.
Сондай-ақ акционерлер Директорлар кеңесі мүшелеріне, бас директорға және басқарушы құрамға 2025 жылдың қорытындысы бойынша сыйақы төлемеу туралы шешім шығарған.
Дегенмен артықшылықты акциялар иелері төлем алады. Компанияның өткен жылдардағы резервтері есебінен бір акцияға 100 теңге мөлшерінде дивиденд төлеу жоспарланған. КТК-да барлығы 500 артықшылықты акция бар, сондықтан төлемдердің жалпы көлемі 50 мың теңгені құрайды.
Акционерлер жиналысында корпоративтік басқаруға қатысты бірқатар шешімдер де қабылданды. Атап айтқанда, 2026–2028 жылдар аралығындағы қаржылық есептілікке аудит жүргізу құқығы «Kaz Audit Finance» ЖШС-не берілді. Сонымен қатар Есеп комиссиясының құрамы жаңартылып, оның қатарына үш жаңа маман енгізілді.
Egov деректеріне сәйкес, КТК құрылтайшыларының саны 105-ке жетеді.
Айта кету керек, 2025 жылғы қаржылық есептілік әзірге жарияланған жоқ. Алайда 2024 жылы телеарна пайдамен жұмыс істеген. Сол жылы компанияның таза табысы 67,4 млн теңгені құраса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 64,9 млн теңге болған.
2024 жылдың қорытындысы бойынша КТК-ның тауарлар мен қызметтерді өткізуден түскен табысы 5,7 млрд теңгеге жеткен. Қызметтердің өзіндік құны 4,7 млрд теңгені құрағандықтан, жалпы табыс көлемі 970,2 млн теңгеге жетті. Ал салық салынғанға дейінгі пайда 94,9 млн теңге болған.
Айта кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев қоры 2000 жылы құрылған. Қор жастарды, білім мен ғылымды, мәдениет пен әлеуметтік бастамаларды қолдауға бағытталған түрлі жобаларды жүзеге асырады.
Фонд «Самрук-Қазына» проведет встречу с жителями города Уральск по вопросам реализации программы IPO
