«Тойға табылатын ақша мектепті жөндеуге жоқ...» Апатты мектеп ауылды алаңдатып қойды

229
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/tyKqkYahCLPxCnVhya1ySauCqVgAQPIPVAE6MVmn.jpg

Алматы облысы, Райымбек ауданына қарасты Қызылшекара ауылының тұрғындары ауылдағы жалғыз білім ошағының жағдайына алаңдап отыр. «Адырна» ұлттық порталына хабарласқан тұрғындардың айтуынша, Көдек Байшығанұлы атындағы мектеп 1979 жылы салынғаннан бері толық жөндеуден өтпеген және қазіргі таңда ғимараттың жағдайы апатты деңгейге жеткен.

Ауыл тұрғындары мектептің қабырғалары ажырап, едендері шіріп, кейбір сынып бөлмелерінде ортасы опырылып түскенін айтады. Сонымен қатар, спорт залдың еденінде саңырауқұлақ пайда болып, бұл балалардың денсаулығына тікелей қауіп төндіріп отыр деген уайымдарын жеткізді.

Қазіргі таңда бұл мектепте шамамен 250 бала білім алады. Ата-аналар әсіресе бірінші сыныпқа баратын балалардың қауіпсіздігіне қатты алаңдаулы. Олар бірнеше рет аудандық білім бөліміне және тиісті органдарға жүгінгенімен, мәселе әлі нақты шешімін таппағанын айтады.

Тұрғындардың сөзінше, жергілікті билік өкілдері мектептің келесі жылдары күрделі жөндеуге енгізілетінін айтқан. Алайда уақыт өткен сайын ғимараттың жағдайы жақсарудың орнына нашарлап бара жатқан көрінеді. Қауымдастық өкілдері өз күшімен жүргізіліп жатқан ағымдағы әктеу мен сырлау жұмыстары мәселені түбегейлі шеше алмайтынын алға тартады.

Ата-аналардың алаңдаушылығын күшейтіп отырған тағы бір жайт  өңірдегі инфрақұрылымдық басымдықтар. Тұрғындар ауданның 90 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларға қомақты қаражат бөлініп жатқанын, ал балалар оқитын қауіпсіз мектеп мәселесіне қаржы табылмай отырғанына наразы.

«Егер жер сілкінісі немесе табиғи апат болса, 250 баланың қауіпсіздігіне кім жауап береді?  Тойға ақша табылады, мектепті жөндеуге жоқ?» -  дейді ауыл тұрғындары.

Қызылшекара халқы биліктен мектеп ғимаратын шұғыл тексеріп, оны толық қайта жаңғырту немесе жаңа білім ордасын салу мәселесін тез арада шешуді талап етіп отыр. Олардың айтуынша, балалардың қауіпсіздігі кез келген мерекелік іс-шарадан да жоғары тұруы тиіс.

Тұрғындардың шағымына аудан әкімдігі желіде ресми жауап берді. Дегенмен, олардың айтуынша, жауапкершілік өздерінде емес.

«2026 жылы мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық құрылыс басқармасының теңгеріміне өткізіліп берілді. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу облыстық құрылыс басқармасының құзырында екенін хабарлаймыз», деп хабарлаған әкімдік.

Комментарии