Елге келмеген шетелдіктерге ХҚКО-да құжат жасалғаны әшкере болды

209
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/XvLC8a24DlHnucOYo7g98CXGzHArKoXvxxJ5clTc.jpg
Астанадағы Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері шетел азаматтарына Қазақстанға келмей-ақ жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) заңсыз рәсімдеп берген, деп хабарлайды "Адырна".

Қаржы мониторинг агенттігі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен сыбайлас жемқорлық тетіктерін пайдалану арқылы шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) заңсыз рәсімдеу схемасын анықтады.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес шетел азаматтарына ЖСН беру олардың Қазақстан аумағында жеке қатысуы және міндетті биометриялық сәйкестендіруден өтуі арқылы ғана жүзеге асырылады. Алайда 2024–2025 жылдары өтініш берушілердің елге келуінсіз-ақ ЖСН рәсімдеуге заңсыз көмектесетін қылмыстық схема ұйымдастырылған",- деп мәлімдеді ведомство.

Схеманы жүзеге асыру үшін әлеуметтік желідегі арна пайдаланылып, сол арқылы ЖСН-ды қашықтан алуға мүдделі шетел азаматтары іздестіріліп, тартылған.

"Қылмыстық әрекетке "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-ның Астана қаласы бойынша филиалының қызметкерлері тартылған. Олар ХҚКО ақпараттық жүйесіне көрінеу жалған мәліметтер енгізіп, ЖСН алуға қатысты жалған өтінімдер рәсімдеген. Заңсыз сыйақы делдалдар арқылы банк аударымдары түрінде беріліп, кейін схемаға қатысушылар арасында бөлінген",- деп толықтырды ҚМА.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Комментарии