Ресейдің ықпалы кеміген Арменияда парламент сайлауы аяқталды

272
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/RNJ5dvEULuv6A6W111IR73t6jQ1Nm6DNcDGfaQqQ.webp

Фото: KAREN MINASYAN/AFP VIA GETTY IMAGES

Арменияда елдің алдағы сыртқы саяси бағытын айқындайтын парламент сайлауы аяқталды. Сайлау науқаны Ресеймен қарым-қатынастың салқындауы, Еуропамен ықпалдастықты күшейту талпыныстары және Таулы Қарабақ мәселесінен кейінгі саяси өзгерістер аясында өтті. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де аяқталып, ел бойынша жұмыс істеген 2005 сайлау учаскесінде дауыстарды санау басталды. Парламентке өту үшін партиялар 4 пайыздық межеден асуы тиіс болды. Ал партиялық блоктар үшін сайлау шегі жоғары белгіленді: үш партияға дейінгі бірлестіктерге – 8 %, төрт және одан көп партиядан құралған альянстарға – 10 %.

Сайлау күні Еревандағы сайлау учаскелерінде тұрғындардың белсенділігі жоғары болды. Арменияның Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сағат 17:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 48,92 %-ы дауыс берген. Бұл көрсеткіш 2018 және 2021 жылдардағы парламент сайлауымен салыстырғанда жоғары. Ал дауыс беру аяқталған кездегі жалпы қатысу деңгейі 58,97 %-ды құрады.

Сарапшылардың пікірінше, жоғары сайлау белсенділігі қоғамдағы саяси шиеленіс пен ел болашағына қатысты алаңдаушылықтың күшейгенін көрсетеді. Биылғы сайлауға 18 партия мен саяси блок қатысып, парламенттегі орындар үшін күресті. Әлеуметтік сауалнамалар нәтижесі бойынша сайлау қарсаңында азаматтардың 40 %-ы ешбір саясаткерге сенбейтінін білдірсе, тағы 23 %-ы өз таңдауын әлі жасамағанын айтқан.

Сайлаушылар қазіргі премьер-министр Никол Пашинян ұсынған Батыспен жақындасу бағыты мен оппозиция ұсынған балама саяси бағдарламалардың бірін таңдады. Оппозиция қатарында Ресеймен тығыз байланыстарды қолдайтын «Күшті Армения» альянсы мен бұрынғы президент Роберт Кочарян жетекшілік ететін «Армения» блогы негізгі саяси күштердің бірі ретінде танылды.

Сайлау нәтижелері Арменияның алдағы жылдардағы ішкі және сыртқы саясатына елеулі ықпал етуі мүмкін. Әсіресе Ресей, Еуроодақ және Әзербайжанмен қарым-қатынас мәселелері жаңа парламент жұмысының негізгі бағыттарының бірі болмақ.

Комментарии