Қыдырбек Сұлтанбек: Қытай түрмесіне қамалған ағамнан жарты жылдан бері хабар жоқ

147
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/WXZ2MztilwBbOSQ2XxSmJ8WvgDbUSNsZh2gj4IbJ.webp

Бірнеше жылдан бері Қытайда тұратын қазақ зиялылары жергілікті биліктің қысымына ұшырап, түрлі қуғын-сүргінге тап болып жатқаны жөнінде әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында жиі айтылып келеді. «Жас Алаш» газетінде бұл тақырыпқа қатысты бірнеше материал жарияланып, Қытайда ұсталған қазақ зиялылары туралы мәселелер көтерілген. Осы жолы да редакцияға Қыдырбек Сұлтанбек есімді азамат хабарласып, Қытайдың Шыңжаң өңірі, Құлжа қаласында тұратын ағасы Білісбек Әбдіразақтың жарты жыл бұрын ұсталып кеткенін, содан бері одан нақты хабар ала алмай, алаңдап отырғанын жеткізді.

Білісбек Әбдіразақты қазақ оқырманы белгілі ақын, публицист әрі қаламгер ретінде жақсы таниды. Оның отты, рухты жырлары көпшілікке бұрыннан таныс. Сондай-ақ ол – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ақынның қалай және не себепті ұсталғаны, қазіргі жағдайы туралы оның інісі Қыдырбек Сұлтанбек айтып берді.

– Білісбек Әбдіразақ сіздің қандай туысыңыз?

– Білісбек – менің туған ағам. Ол кісі 1968 жылы 30 желтоқсанда Қытайдың Шыңжаң өңіріне қарасты Күнес ауданының Шалкөде деген жерінде дүниеге келген. Әкеміздің аты – Сұлтанбек, атамыздың аты – Әбдіразақ. Білісбек немеренің үлкені болғандықтан, Әбдіразақ атамыздың баласы есебінде аталып кетті. Бірақ төлқұжаттағы тегі – Сұлтанбек. Біз алты ағайындымыз: үлкені – Білісбек, одан кейін мен – Қыдырбек, менен кейін Күмісбек, Қамзабек, Бибек есімді інілерім және Қарақат есімді қарындасымыз бар. Білісбектен өзгеміз Қазақстанда тұрамыз, осы елдің азаматымыз. Ағамыздың Ұлар, Тұрар есімді ұлдары да Алматыда. Біреуі жұмыс істейді, екіншісі оқиды. Қазір жеңгеміз Жұмагүл Қуантайқызы кенже ұлы Едіге екеуі Құлжа қаласында тұрып жатыр.

– Ағаңыз Қытайда қандай жұмыстар істеді?

– 1990 жылы Іле педагогика институтының тіл-әдебиет факультетін тамамдаған. Ұзақ жылдар бойы Шыңжаңға қарасты Іле Қазақ облыстық әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің «Қазақ ауыз әдебиетін зерттеу қоғамында» іс жүргізуші, жауапты хатшы сияқты жұмыстар атқарды. Қытайда әр жылдары «Ай бетіндегі ауыл», «Аққудың көз жасы», «Қарқара көтерілісі», «Қытай қазақ ақпарат-баспасөзінің қысқаша тарихы» секілді жыр жинақтары, ғылыми-танымдық монографиялары жарық көрген. 2004 жылы Қазақстандағы «Елорда» баспасынан «Ақсақ бөрі» атты жыр жинағы басылып шықты.

Білісбек Әбдіразақ пен Есенғали Раушанұлы
Фото: жеке архив

Ағаңыздың ұсталғанын қай кезде білдіңіз?

– Бұрындары WeChat әлеуметтік желісі арқылы хабарласып, амандық-саулығымызды біліп тұратынбыз. 2025 жылдың соңына қарай хабарымыз үзілді. WeChat-ына сөйлесем жауап бермейді, хабарлассам тұтқаны көтермейді. Содан жеңгеме хабарластым. Сөйтсем, Білісбекті 28 желтоқсан күні ұстап алып кетіпті. Негізі ағамды екі жыл бұрын Құлжа қаласына жақын бір ауылға жіберген. Сонда қадағалау, бақылау астында жұмыс істеп жатқан. Бұл өзі Қытай үкіметінің «төменге түсіру» деп аталатын саясаты көрінеді. Ақын-жазушы, зиялы қауымның біразы кейінгі жылдарда ауыл-ауылдарға түрлі жұмысқа жіберіліпті.

Жеңгемнің айтуынша, Білісбекті сол күні жұмыс істеп жатқан жерінен ұстап, үйге алып келіпті. Ұлттық қауіпсіздік қызметкері, полиция қызметкерлері бар – 7-8 адам дейді. Үйді ақтарып, тінтіп, ағамның біраз кітап, қолжазбаларын өзімен қоса алып кетіпті. Жеңгеме күйеуін не себепті ұстағанын айтпаған, тек «біраз уақыт тергеп, тексереміз» деген. Әуелде Білісбекті Құлжа қаласына апарған көрінеді. Бастапқыда 10-15 күнде бір рет жеңгеме өзі хабарласып, амандық-саулығын айтып тұрыпты. Содан жуырда хабарласқанында: «Жағдай қиындап барады. Мені соттайтын көрінеді. Қыдырбекке айт, сені мен Едігеге бас-көз болсын», – депті. Алайда жеңгем мұны қорқып маған айтпапты. Арада біраз күн өткен соң ағам қайта хабарласып: «Қыдырбекке айттың ба?», – деп сұрапты, жеңгем: «Жоқ, айта алмадым», – деген екен, ол кісі қатты ашуланып: «Мыналардың сұрқы жаман, түбі мені соттап тынады. Қыдырбекке тездетіп хабарымды айт. Менің өлгенімді жеткізейін деп отырсың ба?!», – депті.

Осыдан соң жеңгем хабарласып, мән-жайды айтты. Сол жолы Білісбек жеңгеме «киім-кешегімді жуып, дайындап қой, бір адамдар хабарласып, алып кетеді» депті. Айтқандай-ақ, бір-екі күннен соң полиция қызметкерлері келіп, ағамның киім-кешегін алып кетіпті. Содан, көп ұзамай, полиция қызметкері жеңгеме хабарласып: «Күйеуіңізді Үрімжіге апарып тастап, қайтып келе жатырмыз. Құлжаға таяп қалдық. Сіз енді бір тәулік ішінде бір қағаздарға қол қоюыңыз керек», – депті. Ол кісі ешқандай қағазға қол қоймайтынын айтыпты. Әлгі полиция: «Қоймасаң қой, біз өзіміз қоя саламыз», – деген.

Міне, содан бері Білісбектен ешқандай хабар жоқ. Жеңгемізге «қағазға қол қоюың керек» деп айтқанына қарап, ағамызды Қытай үкіметі соттап жіберді ме деп қауіптенемін.

– Білісбек ағаның әке-шешесі ұлының ұсталғанын естіді ме, ол кісілердің жағдайы қалай?

– Иә, естіді. Әкеміз Сұлтанбек Әбдіразақұлы 83 жаста. І топтағы мүгедек. 7-8 жылдан бері екі көзі көрмейді. Есі кіресілі-шығасылы. Қазір айтсаң, сәлден соң ұмытып қалады. Шешеміз Райхан Мұсабекқызы, жасы сексеннен асты. Ол кісі де күнде жылайды. Қай күні «Қытайға ертіп барыңдар, ұлымның хабарын сұрастырайын, қытай мені қамамайтын шығар» дейді. Оған жасы келген үлкен кісінің денсаулығынан алаңдаймыз. Оның үстіне барғанда бізге кім жауап бере қояды дейсіз?! Жағдай, міне, осылай. Қазір Сыртқы істер министрлігіне хат дайындап жатырмыз.

Білісбек ағамыз – адал, ақ адам. Кісі өлтірмеді, қылмыс жасамады. Жарты жылдан бері ол кісіге қандай айып тағылғанынан хабарсызбыз. Кезінде жарияланған өлеңдерінен, жарық көрген кітаптарынан қандай да бір «қылмыс» тапты ма дейін десең, оның бәрі Қытай үкіметінің рұқсатымен жарияланған дүниелер. Тіпті тірі-өлісін де білмейміз. Тым құрыса, Қазақстан үкіметі Сыртқы істер министрлігі арқылы ағамыздың із-дерегін, қандай айып тағылғанын, қазір қайда екенін, сотталған, сотталмағанын біліп берсе дейміз.

Әңгімелескен – Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

 

Комментарии