Қатты жауыннан кейін. Бұхарада жаңа көл пайда болды

121
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Vb3uzHRlEBEk8VTltC2m6RcPZQYVT5gH1oKwA2Yl.jpg

Өзбекстанның Бұхара облысы Пешкі ауданындағы Газли кентінің солтүстігінде соңғы алты ай ішінде климаттық нормадан үш есе көп жауған жауын-шашынның әсерінен ірі су айдыны пайда болды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі fergana.news-ке сілтеме жасап.

Бұған дейін сусыз аймақ саналған «Шурбұлақ» аумағында қалыптасқан жаңа көлдің қазіргі ауданы шамамен 80 шаршы шақырымды құрайды. Көлдің пайда болғаны туралы ақпарат Өзбекстан Экологиялық партиясының ресми Telegram-арнасында жарияланған.

Ауқымы жағынан бұл су айдыны Бұхара қаласының аумағынан әлдеқайда үлкен және елдегі ірі гидрологиялық нысандардың бірі – Шарвак су қоймасымен шамалас. Мамандар көлдің қалыптасуына табиғи факторлармен қатар адам әрекетінің де ықпал еткенін атап өтуде.

Атап айтқанда, Су шаруашылығы министрлігінің өңірде балық шаруашылығын дамыту бағдарламалары аясында шағын арналар қазылып, сол арқылы маңайдағы аумақтардың жер асты сулары жаңа көлге бағытталған. Көлді сумен қамтамасыз ететін коллекторлық арнаның жалпы ұзындығы шамамен 126 шақырымды құрайды. Қосымша су ағыны мол жауын-шашынмен ұштасып, су массасының жылдам жиналуына себеп болған.

Экологтар шөлейт аймақта мұндай су айдынының пайда болуы экожүйе мен өңірдің су теңгеріміне әсер етуі мүмкін екенін айтады. Оның оң әсерлерімен қатар, белгілі бір экологиялық тәуекелдер де туындауы ықтимал.

Комментарии