Ресей мен Ауғанстан әскери ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

219
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/VyHla0p0HAWS6bBpYQfvDpHJ5RiNrbEJplG5z9BG.jpg

Ресей мен Ауғанстан Ислам Әмірлігі әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжатқа Мәскеу облысында өткен Халықаралық қауіпсіздік форумының аясында Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу мен Ауғанстан қорғаныс министрі Маулави Мұхаммад Якуб Муджахид қол қойған, деп хабарлайды “Адырна”.

Ауғандық TOLOnews порталының мәліметінше, келісімнің нақты мазмұны әзірге жарияланған жоқ. Дегенмен, мұндай құжаттар әдетте әскери технологиялар алмасуды, қару-жарақ жеткізу мәселелерін, лицензиялық келісімдер жасауды және бірлескен жобаларды іске асыруды қамтиды.

Маулави Мұхаммад Якуб Муджахид – «Талибан» қозғалысының негізін қалаушы молла Омардың ұлы. Келісімге қол қою рәсімінде ол Ауғанстанның қырық жыл бойы соғыс жағдайында болғанын, оның жиырма жылында АҚШ әскерінің бақылауында қалғанын айтып, Ресеймен әскери ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

Өз кезегінде Сергей Шойгу Мәскеудің Ауғанстандағы қазіргі биліктің терроризм мен есірткі саудасына қарсы күрес жөніндегі әрекеттерін қолдайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ Ресейдің біртұтас, тәуелсіз және бейбіт Ауғанстанды көргісі келетінін атап өтті.

Сарапшылар бұл келісімді Мәскеу мен Кабул арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі ретінде бағалап отыр. Ресей 2025 жылдың шілде айында Ауғанстан Ислам Әмірлігін ресми түрде мойындаған болатын. Содан бері екі тарап саяси, қауіпсіздік, сауда-экономикалық және гуманитарлық бағыттардағы байланыстарды нығайтуға күш салып келеді.

Алайда кейбір сарапшылар келісімнің практикалық маңызына күмәнмен қарайды. Саясаттанушы Руслан Сүлеймановтың пікірінше, бұл құжат қазіргі кезеңде символикалық сипатқа ие болуы мүмкін және оның нақты нәтижелері уақыт өте келе белгілі болады.

Айта кетейік, осы жылдың мамыр айында Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесуінде Сергей Шойгу өңір мемлекеттерін Кабулмен ынтымақтастықты күшейтуге шақырған еді. Сонымен қатар ол Ауғанстан аумағында немесе оған көршілес мемлекеттерде үшінші елдердің әскери инфрақұрылымын орналастыруға қарсы екенін мәлімдеген болатын.

Комментарии