Көпқабатты үйден құлаған үш жасар бала аман қалды

218
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OFR5uuqiEPjvuOwBlbpGYURrDvJKnuYg128gGDgz.webp

Қарағандыда көпқабатты үйдің жоғарғы қабатынан құлап кеткен үш жасар баланың өмірін патрульдік полиция қызметкерлері құтқарып қалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Олардың жедел әрекеті әлеуметтік желі қолданушыларының алғысына бөленді. Желіде тараған жазбада тұрғындар патрульдік полиция қызметкерлері Ілияс Атбеков пен Магомед Якубовты арнайы іздеп тауып, ризашылықтарын білдіргені айтылған.

Жарақат алған бүлдіршінді көрген полицейлер оны бірден қызметтік көлікке отырғызып, арнайы дабыл қосылған күйде ауруханаға жеткізген. Соның арқасында дәрігерлер балаға уақытылы медициналық көмек көрсетіп, оның өмірін сақтап қалған. 

Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнында ата-аналар мен тұрғындар қатты абдырап қалған. Сол себепті олар баланы ауруханаға жеткізген полицейлердің аты-жөнін сұрап үлгермеген. Ал патрульдік экипаж дәрігерлерге баланы тапсырғаннан кейін қайтадан қызметтік міндетін атқаруға кіріскен.

Кейін тұрғындар батыр полицейлерді қызметтік көліктің мемлекеттік нөмірі арқылы тауып, алғысын жеткізген.

Комментарии