Қорғаныс саласының тұңғыш министрі

204
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/zqqDQMhd7C62qFFPstNQoMPOUM9QVR3Rp86HOAFu.jpg

Бүгін, 25 мамыр — Ұлы отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туған күн, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол 1924 жылы 25 мамырда қазіргі Ақмола облысы Ақкөл ауданы Қосым ауылында туған. 1942 жылдың шiлде айында 18 жаста кеңес әскер қатарына қабылданып, Түрікменстанда пулеметшiлер дайындайтын училищенi үздiк аяқтаған. Кейін взвод командирi ретiнде майдан шебiне аттанған.

21 жасында Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес одағының батыр атағы берілген. 1945 жылдың 31 мамырында Қызыл ту орденімен марапатталған. Қазақтың қаһарман жігіті соғысты Берлинде аяқтаған. Ол 1946–1949 жылдар аралығында Мәскеудегi Фрунзе атындағы Әскери академияны бітіріп, Орта Азиядағы Түркiстан әскери округiне полк басқаруға жiберiлген. Кейін әртүрлi штабтық, командалық лауазымдарда, оның iшiнде Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округi қолбасшысының орынбасары, Оңтүстiк топ әскерлерi қолбасшысының бiрiншi орынбасары (Венгрия) қызметiн атқарған.

1992 жылы Сағадат Нұрмағамбетов Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрi болды.  1994 жылы Халық Қаһарманы атағы мен №1 "Алтын Жұлдыз" табыс етiлдi. 1995 жылы армия генералы атағымен отставкаға шығып, Қазақстан президентiнiң кеңесшiсi болды.

2013 жылдың 24 қыркүйегінде Сағадат Нұрмағамбетов 90 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Еліне деген адалдығы мен қайсар мінезі арқылы Сағадат Нұрмағамбетов өскелең ұрпаққа Отанды сүюдің, ерлік пен табандылықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Комментарии