32 мыңнан астам түлек туған жеріне көшет сыйлады

99
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/xRkhtEbZ8b2jSOnJn85CydmUYnuGkiOWBsbJV9Un.jpg

Жетісу облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында мектеп түлектерінің қатысуымен ауқымды ағаш және гүл көшеттерін отырғызу акциясы өтті.

Экологиялық бастама жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

Игі шараға облыс бойынша жалпы саны 32 023 түлек қатысты. Мектеп бітіруші жастар туған өлкесінің көркеюіне өз үлестерін қосып, болашаққа деген ізгі ниеттерін жасыл желек отырғызу арқылы жеткізді.

Акция нәтижесінде өңір аумағында 1 352 ағаш және 2 389 гүл көшеті отырғызылды. Сөйтіп мектеп бітірушілердің өз қолдарымен еккен көшеттері олардың туған мектептерімен, балалық шағымен және туған өлкесімен байланысының символына айналды.

Іс-шараға арнайы барған Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев Талдықорғандағы Н. Островский атындағы №8 орта мектеп пен Б. Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп түлектерімен бірге көшет отырғызу рәсіміне қатысты.

Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары жастардың экологиялық бастамасына жоғары баға беріп, олардың туған жердің дамуына қосып жатқан үлесі маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ жас ұрпақты табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырды.

Сонымен қатар «Әдеп-құқық жұмыс жөніндегі ментор» жобасы аясында мектеп оқушыларына арналған арнайы дәріс сағаттары ұйымдастырылып, құқықтық мәдениет, жауапкершілік және қоғамдық тәртіп тақырыптары кеңінен түсіндірілді.

–Бүгін отырғызған көшетіміз – біздің мектеппен қоштасқан сәтіміздің естелігі ғана емес, туған жерімізге деген құрметіміздің белгісі. Жылдар өте бұл ағаштар өсіп, гүлденген кезде біз де өмірде өз орнымызды табамыз деп сенемін, – деді Нұрқасым Мубина.

Экологиялық акция аясындағы іс-шаралар мұнымен шектелмей, Талдықорған қаласында кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Student CUP» шағын футбол турнирі ұйымдастырылды. Турнирдің мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спорт пен экологиялық мәдениетті ұштастыру болды.

Жарысқа 14-35 жас аралығындағы жоғары сынып оқушылары, колледж және жоғары оқу орны студенттерінен құралған 8 команда қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Қорытындысында үздік командалар дипломдармен, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі бастамалар жастардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып қана қоймай, жауапкершілік, ұйымшылдық және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға ықпал етеді.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен бұл акция экологиялық мәдениетті дәріптеген, жастарды ортақ іске жұмылдырған және Жетісудың жасыл келбетін қалыптастыруға бағытталған тағылымды бастамалардың бірі болды.

Оқушылар гүл отырғызуда

Оқушы гүл отырғызуда

Мектеп ауласына гүл отырғызылуда

 

Комментарии