Салынбаған Алатаудың әуе таксиі сынақтан өтті

286
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Y01h0A090gsfL8BkBUOqceunfnCPJToSW5HOMsDr.webp

Фото: Kursiv.kz

Алатау қаласында Қазақстандағы алғашқы аэротаксилердің сынақ ұшуы өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Курсивке сілтеп.

eVTOL (electric Vertical Take-Off and Landing aircraft) негізіндегі әуе көліктерін сынақтан өткізу шарасына кәсіпкерлер, инвесторлар және жергілікті билік өкілдері қатысты.

Сынақ барысында AutoFlight шығарған жолаушыларға арналған eVTOL аппараты таныстырылды. Алты орынға арналған аэротаксиде бес жолаушы мен бір ұшқышқа орын қарастырылған. Аппарат сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшып, бір рейсте 200 шақырым қашықтықты еңсере алады.

Қауіпсіздік талаптарына сәйкес сынақ ұшулары жолаушыларсыз өткізілді. Қонақтар мен қатысушылар аэротаксидің қозғалысын арнайы бақылау алаңынан тамашалады.

Шараға қазақстандық кәсіпкер Вячеслав Ким, инвестор Юрий Цхай және Марат Сұлтанғазиев қатысты.

Жоба аясында АҚШ, Бразилия, Еуропа және Қытайдағы eVTOL өндірушілері арасында халықаралық тендер ұйымдастырылған. Нәтижесінде Италия мен Оңтүстік Корея компаниялары жеткізуші ретінде таңдалған.

Қазір италиялық UrbanV операторы және Korea Airports Corporation корпорациясымен бірлесіп, Алатау қаласының Golden ауданында UAM Center Eurasia жобасы әзірленіп жатыр. Болашақта бұл орталық қалалық әуе мобильділігі хабы әрі вертипорт ретінде жұмыс істемек. Аэротакси операторлары арнайы дайындықтан өтіп, ұшқышсыз авиациялық жүйелер операторларының сертификаттарын алған. Сонымен қатар авиациялық жұмыстарды орындауға рұқсат берілген.

Комментарии