АҚШ президенті Трамптың Бейжіңге сапарынан соң Қытайға Ресей президенті Владимир Путин барады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Кремльдің хабарлауынша, Путин Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен 19-20 мамыр күндері Бейжіңге ресми сапармен келеді.
Келіссөздер барысында тараптар екіжақты қарым-қатынасты, жан-жақты әріптестік пен ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылайды. Сонымен қатар сапар Қытай мен Ресей арасындағы «Тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы» келісімнің 25 жылдығына орайластырылған.
Кремль мәліметінше, Путин мен Си Цзиньпин халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қоюды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Ресей президенті Қытай Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цянмен кездесіп, экономика мен сауда саласындағы ынтымақтастықты талқылайды.
Путин Украинадағы соғыс басталғаннан бері Қытайға тұрақты түрде барып жүр. Бұған дейін ол 2023 жылғы «Бір белдеу – бір жол» форумына, 2024 жылғы президенттік сайлаудан кейінгі алғашқы шетелдік сапарына және 2025 жылғы ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Бейжіңге барған.
Сонымен қатар Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига Қытайдан шақыру алғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір сапардың нақты мерзімі келісіліп жатыр. Сибига бұл сапар Украина президенті Владимир Зеленскийдің Қытайға ықтимал сапарына дайындық болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
Инклюзивное образование в Акмолинской области: как создаются условия для детей с особыми потребностями
