Нетаньяху Иранмен соғыс кезінде БАӘ-ге «жасырын барғанын» айтты. Абу-Даби бұны жоққа шығарды

209
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/YCTTS5kg9vVpKjqzcefmOS2V5ybQ4g7jErTntfsf.jpg

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Біріккен Араб Әмірліктеріне жасырын сапармен барып, ел президенті Мұхаммед бин Заид Әл Нахаянмен кездесті. Бұл туралы Израиль премьерінің канцеляриясы X платформасында жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Сәрсенбі күні кешке жарияланған хабарламада бұл кездесудің екі ел қатынасына «тарихи серпіліс» әкелгені айтылған. Reuters дерегіне сәйкес, Нетаньяху мен БАӘ президентінің кездесуі Оман шекарасына жақын орналасқан Эль-Айн қаласында бірнеше сағатқа созылған.

Алайда көп ұзамай БАӘ Сыртқы істер министрлігі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

«БАӘ мен Израиль қарым-қатынасы ашық түрде, белгілі және ресми түрде бекітілген Авраам келісімдері негізінде жүзеге асады және құпия немесе бейресми келісімдерге негізделмеген. Сондықтан ресми түрде расталмаған жасырын сапарлар немесе келісімдер туралы кез келген мәлімдеме мүлдем негізсіз», — делінген хабарламада.

Айта кетейік, Израиль мен АҚШ Иранға қарсы жүргізіп жатқан соғыс барысында ирандық әскер бірнеше рет БАӘ аумағына соққы жасаған. Тегеран сонымен қатар бұл елді АҚШ және Израильмен тығыз байланысы үшін үнемі сынға алып келген еді.

Комментарии