Сарбаздардан ақша жинап, жеке қажетіне жұмсаған шекара бөлімшесінің басшысы сотталды

158
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/h7K9Mv8h8gafZ4wSA3LoxjA7FdmjPyzfS1NzVfu0.jpg

Ақтөбе гарнизонының әскери соты Батыс Қазақстан облысындағы «Тасмола» шекара бөлімшесінің бастығы Сұлтан Қонаровқа қатысты қылмыстық істі қарады. Ол қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деп айыпталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Тергеу материалдарына сәйкес, бөлімше басшысы келісімшартпен қызмет ететін әскери қызметкерлерден шекара бөлімшесін жөндеуге қажет деген сылтаумен 15 мың теңгеден ақша жинауды тапсырған. Жиналған қаражат сарбаздардың бірінің есепшотына аударылып отырған. Осылайша әскери жарғы мен ішкі тәртіп талаптары бұзылған.

Сот мәліметінше, 20-ға жуық әскери қызметкер ақша аударған. Кейін жиналған қаржының бір бөлігі Қонаровтың жеке қажеттіліктеріне жұмсалған: ол қарызын өтеп, дүкендерден тұрмыстық заттар сатып алған, сондай-ақ модульді үйіне пластикалық терезе орнатуға тапсырыс берген. Бұдан бөлек, 60 мың теңгені қолма-қол алғаны анықталды.

Сот барысында оның еңбек демалысына шыққан қызметкерлерден де түрлі заттар алып беруді сұрағаны белгілі болды. Әскери қызметкерлер аяқ киім мен сөмке сатып әперіп, кей жағдайда дүкендердегі қарыздарын жапқан. Кейбір қаржы сотталушының әйелінің есепшотына аударылған. Тергеу дерегінше, бастапқыда 15 мың теңгеден басталған ақша жинау көлемі кейін 100–150 мың теңгеге дейін өскен.

Алайда Сұлтан Қонаров сотта өз кінәсін мойындамай, бұл әрекеттерді бөлімшеде уақытша міндет атқарған басқа әскери қызметкер ұйымдастырғанын мәлімдеді.

Сот үкімімен Қонаров кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған өмір бойы әскери және мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары толық қанағаттандырылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбеде курсанттың өлімінен кейін екі әскери қызметкер де сотталған болатын.

Комментарии