Тағы да Талғарда адам өлімі болды. Ер адамды пышақтап кетті

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/I8XnMLyYhQnd2istVftIyWSeZ3EZJWQOPySRRltP.webp

Алматы облысында пышақ жарақатын алған 24 жастағы жігіт көз жұмды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Қайғылы оқиға Талғар ауданына қарасты Нұра ауылында болған.

Оқиға туралы журналист Нұртай Лахан жазған. 

Жазбаға сәйкес, марқұм інісімен бірге түнде әкесінің қабіріне барып, құран оқып қайтып келе жатқан. Жолда олар көліктің барлық есігін ашып, жолды бөгеп тұрған үш жігітке тап болған. Марқұм өту үшін көлік есіктерін жабуды сұрағанымен, қарымта жауап ретінде дөрекілікке тап болған.

Куәгерлердің сөзінше, ер адам жанжал шығармай, үйіне қайтып келген. Алайда артынан ерген күдіктілердің бірі оны екі рет пышақтап, өкпесіне ауыр жарақат салған. Күдікті 20 жастағы ауыл тұрғыны екені айтылды.

Алматы облыстық полиция департаменті 24 жастағы Нұра ауылы тұрғынының 11 мамыр күні ауруханада алған жарақаттарынан көз жұмғанын растады.

Полицияның мәліметінше, оқиға туралы хабар түскеннен кейін барлық сыртқы қызметтер жұмылдырылып, блокбекеттер қойылған. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ретінде марқұмның үш ауылдасы ұсталды.

Аталған факті бойынша «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Белгілі болғандай, марқұмның артында екі қызы қалған. Кіші қызы жуырда ғана бір жасқа толған.

Комментарии