Мирзиёев "ІІ дүниежүзілік соғыстағы жеңіс" туралы айтты. Бұл нені білдіреді?

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7zuctRRJe0ST6HK9xO11K6cb31LAfRLXoooo1nJc.webp

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 9 мамырға орай халықты құттықтап, бұл күнді «Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің» 81 жылдығы ретінде атады, деп хабарлайды адырна ұлттық порталы fergana.news-ке сілтеп.

Құттықтау мәтіні 8 мамыр кешке президенттің ресми сайтында жарияланды. Онда мемлекет басшысы бұл күнді «Еске алу және құрмет күні» және «Ұлы Жеңіс» мерекесі ретінде қатар атап өткен.

Сөзінде ол фашизмді жеңудегі Өзбекстан халқының үлесіне тоқталды. Ресми деректерге сәйкес, соғыс жылдары республикадан шамамен екі миллион адам майданға аттанған. Олардың 500 мыңнан астамы қаза тауып, 158 мыңнан астамы хабар-ошарсыз кеткен. Сондай-ақ 301 өзбек жауынгері Кеңес Одағының Батыры атағын алған.

Президент соғыс кезінде Өзбекстанға 1,5 миллионнан астам эвакуацияланған азамат, соның ішінде 250 мың жетім бала қабылданғанын да еске салды.

Мирзиёев қазіргі әлемдегі тұрақсыз жағдайды атап өтіп, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау маңызды екенін айтты. Сонымен қатар елдің қорғаныс қабілетін күшейту стратегиялық міндеттердің бірі ретінде көрсетілді.

Айта кетерлігі, құттықтау мәтінінде Ресей де, Кеңес Одағы да тікелей аталмаған. Тарихи оқиға негізінен «фашизмге қарсы жалпыадамзаттық күрес» ретінде сипатталған.

Сондай-ақ назар аударатын жайт — мәтінде «Екінші дүниежүзілік соғыс» формуласы қолданылған. Бұл ұғым 9 мамырды «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні» деп атайтын посткеңестік кеңістіктегі дәстүрлі атаумен салыстырғанда өзгеше көзқарас ретінде бағалануда.

Комментарии