1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жұртшылықты бірлік пен келісім мерекесімен құттықтады. 
– Бұл мереке – еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың жарқын көрінісі. Бірлік – біздің басты байлығымыз, болашағымыздың кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әр азаматтың бір-біріне тілеулeстігі арқылы бүкіл ұлттың тұтастығын таныта білдік. Қазақстан халқы тарихтың күрделі кезеңінде жұрт болып жұмылып, табысқа жете алатынын тағы да дәлелдеді» деген болатын. Қиын замандарда Қазақ елі түрлі этностарға пана болып, тағдыр тәлкегімен келген жұртты бауырына басты. Соның нәтижесінде мемлекетімізде бірлігі жарасқан қоғам қалыптасты. Сондықтан еліміз үшін бұл мерекенің мәні зор. Түркістан облысында 2 млн 200 мыңға жуық халық тұрады. Берекелі өңірімізде 50-ден астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Өңірімізде Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы 6 құрылым мен 11 этномәдени бірлестік белсенді қызмет атқаруда. Біздің бірлігіміз бен берекелі тірлігіміз Түркістан өңірін дамытуға бастайды. Осы ретте, таяуда Түркістанда Түркі мемлекеттері президенттерінің маңызды жиыны өтетінін мақтанышпен айта кеткен жөн. Мұндай ауқымды жиындар облысты дамытып, Түркістанды танытуға серпін беретіні сөзсіз. Осы айтулы күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Елімізде әрдайым тыныштық пен бейбітшілік салтанат құра берсін! – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Мереке барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, ұзақ жылдар бойы адал әрі жемісті еңбек етіп жүрген этномәдени бірлестік өкілдері марапатталды.

Іс-шара аясында жергілікті өнерпаздар қатысуымен концерт ұйымдастырылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сахна төрінде «Жаңа леп» өнер ұжымы, «Фараб» би ансамблі, «Семсер» тобы, Гүлнұр Нұратаева, Мадина Бекболат, Құралай Қасымова, «Ай-дана» дуэті, Айдар Досымжан, Әсима Тілектес және «Арнау» тобы өнер көрсетті. Ән мен жырға толы кеш барысында халқымыздың бірлігі, достығы мен мәдени ынтымақтастығы кеңінен дәріптелді.
Айта кетсек, өңірде «Заң мен тәртіп», «Бейбітшілік пен келісім», «Адал азамат», «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана» жобалары аясында тәрбиелік маңызы бар іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Ассамблея мүшелері «Таза Қазақстан» бағдарламасына, өзге де акцияларға белсенді қатысуда. Құрылым аясында этномәдени бірлестіктер, Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, медиация институты, ғылыми-сараптамалық топ және жастар ұйымдары жемісті еңбек етіп жүр. Қазіргі таңда облыста экономикалық, инвестициялық, туристік әлеуеті көтерілуде. Бұл жетістіктер – тұтас халқымыздың бірлігі мен ынтымағының арқасы.
День 1 экспедиции «Балуан тас сапары» по Туркестанской области прошёл в Сайрамском и Ордабасынском районах
