Дәнештің ғасыры. Өнер саңлағының туғанына — 100 жыл

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0G90qKHWmfoWYCSKOaDdxff4Es1y6oQgYcPUGER5.jpg

Бүгін қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, әнші-композитор, Қазақ КСР-інің халық әртісі атағының иегері Дәнеш Рақышевтің туғанына 100 жыл толды. Ол 1926 жылдың 1 мамырында Алматы облысы, Райымбек ауданы, Талды ауылында дүниеге келген.

Дәнеш Рақышевтің өнер жолы ерте басталып, ұлттық музыкаға деген ерекше ықыласымен ерекшеленді. Ол қазақтың дәстүрлі ән өнерін жаңа деңгейге көтеріп, өзіне тән орындаушылық мәнер қалыптастырды. 33 жасында, 1959 жылы туған жеріне оралған сәттен бастап, оның шығармашылығы кеңінен таныла бастады. Бұрын сирек орындалған, бірақ қазақы әуезі мен терең мақамы бар әндерді ол ерекше сезіммен орындай білді. «Баянауыл», «Жан ерке», «Аяулым», «Жиырма жеті қыз», «Жан сәулем», «Сәулем-ай», «Қош-аман бол, жарым» сияқты халық әндері оның орындауында кеңінен танылып, қазақ ән өнерінің көкжиегін кеңейтті.

Өнер иесі тек әнші ғана емес, актер ретінде де танылды. Ол Құлжадағы ұйғыр-қазақ драма театрында жұмыс істей жүріп, Бейімбет Майлиннің «Шұға» пьесасындағы Әбдірахман, сондай-ақ Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек» спектакліндегі Жапал мен Қалқаман рөлдерін сомдаған.

1959 жылы Қазақстанға оралғаннан кейін Дәнеш Рақышев Талдықорған халық театрына басшылық жасады. 1968 жылдан бастап Талдықорған облыстық филармониясының солисі ретінде қызмет етті. Оның репертуары өте бай болып, қазақ, ұйғыр, қырғыз, өзбек, татар халықтарының әндерін қамтыды. Ол Манарбек Ержанов пен Жүсіпбек Елебеков сияқты өнерпаздардың орындаушылық дәстүрін жалғастырып, кәсіби деңгейде дамытты.

Репертуарында Үкілі Ыбырайдың «Аңшының әні», Әсеттің «Ардақ», «Мақпал», «Атым Әсет», «Хысмет», «Аха-ау, жалған», «Жайқоңыр» сияқты халық әндері ерекше орын алды. Сонымен қатар, ол қазіргі қазақ композиторларының шығармаларын да кеңінен орындады.

Өзі де бірнеше ән шығарған талант иесі болды. Оның «Шаттық толқыны», «Мақтанышты елім бар», «Жас қайрат», «Жер сұлуы Жетісу», «Комсомол», «Саясында алманың», «Жеңеше», «Туған жер», «Алматым» сияқты әндері халық арасында кең таралып, ел жүрегінен орын алды.

Дәнеш Рақышев – қазақ ән өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған, дәстүрлі және кәсіби музыканы ұштастыра білген ірі тұлға. Оның шығармашылығы ұлттық мәдениеттің дамуына үлкен үлес қосып, қазақ ән өнерінің алтын қорына айналды.

Комментарии