9 мамырда Мәскеуде өтетін дәстүрлі Жеңіс парадына алғаш рет әскери техника қатыспайды. Бұл туралы Ресей қорғаныс министрлігі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Суворов және Нахимов училищелерінің тәрбиеленушілері, кадет корпустары да парадқа қатыспайды. Ведомство бұл шешім қазіргі жедел жағдайға байланысты қабылданғанын түсіндірді. Дегенмен, парадқа әскери ұшақтар қатысатыны айтылды.
Ресей өңірлерінде 9 мамырға арналған жаппай іс-шаралар да қысқартылуда. Мысалы, Нижний Новгород, Саратов, Чувашия және Калуга облысында парад өткізілмейді. Воронеж, Курск, Брянск және Белгород облыстарында мерекелік отшашудан бас тарту туралы шешім қабылданған. Жергілікті билік барлық жағдайда қауіпсіздік мәселелерін негізге алған.
Соңғы айларда Украина Ресей армиясының соққыларына жауап ретінде елдің әртүрлі өңірлеріндегі инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасаған. Олардың қатарында Балтық теңізіндегі мұнай экспорты жүретін порттар мен Туапседегі мұнай өңдеу зауыты да бар.
2025 жылдың 9 мамырында Ресейде нацизмді жеңудің 80 жылдығы аталып өткен еді. Сол жылы парадқа 10 мыңнан астам әскери қызметкер, соның ішінде Солтүстік Корея өкілдері де қатысып, шамамен 200 бірлік әскери техника көрсетілген. Олардың арасында 80 жыл бұрынғы және қазіргі заманғы техникалар болған.
Ресей президенті Владимир Путин өткен жылғы Қызыл алаңдағы парадта сөйлеген сөзінде Кеңес Одағының 1941–1945 жылдардағы нацистік Германияға қарсы соғысын Ресейдің Украинаға қарсы жалғасып жатқан соғысымен салыстырған еді.
Школьник из Кокшетау завоевал серебро и помог команде Казахстана выиграть международную олимпиаду по биологии
