Қазақстанда «Halyk орманы» жобасы аясында миллионыншы көшет егілді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/eDPY3G0AUE5B7ZiQK754hDvxvYkRQV4qcdPhfy3w.jpg

Қазақстанда Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Halyk Орманы» экологиялық бастамасы аясында миллионыншы көшет егілді.

Бұл – еліміздегі кейінгі жылдардағы ең ауқымды экологиялық жетістіктердің бірі. Айтулы оқиға 2026 жылғы 25 сәуірде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық экологиялық күн тәртібін қолдау мақсатында бастамашы болған Жалпыұлттық ағаш егу күні аясында өтті. Мерейлі көшетті Астананың жасыл белдеуінде Astana IT University студенті отырғызды.  

Бір миллион көшет межесіне жеткен жоба 2026 жылғы 22 сәуірде Астанада өткен RES 2026 EXPO алаңында халықаралық деңгейде де мойындалды. «Тұрақты даму жөніндегі күн тәртібінің көшбасшылары – қалалар мен компаниялар» панельдік сессиясында Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бірлескен бастамасы орман экожүйесін қалпына келтіруге бағытталған жүйелі жұмыстың, сондай-ақ, мемлекет, кәсіп және қоғам арасындағы тиімді әріптестіктің үлгісі ретінде атап өтілді.


Саммиттің іскерлік бағдарламасымен қатар, жоба нақты іске асырылуын жалғастырды. Биыл «Halyk Орманы» жобасының көктемгі отырғызу маусымы Астананың жасыл белдеуінде басталды. Сондай-ақ көшеттер «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты мен Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында да отырғызылды.

Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры бастамашы болған «Halyk Орманы» жобасы Қазақстанның орман қорын қалпына келтіруге бағытталған ең ірі экологиялық бастамалардың біріне айналды. Жоба іске қосылған сәттен бастап елдің үш өңірінде 240 гектар аумаққа 800 мыңнан аса көшет егілді. Ал көктемгі маусым қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш бір миллионнан асты.

«Halyk Орманы» Қазақстандағы экологиялық бастамалардың жаңа үлгісін қалыптастырып отыр. Яғни жоба бір реттік акциямен шектелмей, нақты нәтижесі өлшенетін жүйелі әрі ұзақ мерзімді жұмысқа негізделген.

Бұл жұмыстар Halyk қайырымдылық қорының кең ауқымды экологиялық бағытының бір бөлігі саналады. Қордың бұл саладағы жұмысы үш негізгі ұстанымға негізделген: өмір сапасын арттыру, таза ауа және тұрақты даму. Басты мақсат – адамдарға жайлы ортада өмір сүруіне мүмкіндік жасау.


2026 жылы жобаға жаңа серіктестер қосылды. Олардың қатарында FlyArystan әуе компаниясы мен EUROBAK Еуропалық бизнес-қауымдастығы бар. Осы әріптестік аясында қосымша 55 гектар жерге 190 мың көшет отырғызу жоспарланып отыр.

Halyk қоры жобаның бастамашысы ғана емес, оны үйлестіріп отырған негізгі ұйым ретінде де жұмыс істейді. Қор экологиялық күн тәртібі аясында мемлекет, бизнес және қоғамның бірлесіп әрекет етуіне мүмкіндік беретін тұрақты алаң қалыптастырып отыр. Соның арқасында бастамаға еріктілер, студенттер, кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар белсенді қатысып жатыр. Көктемгі ағаш егу жұмыстарына Astana IT University студенттері, NNEF қоғамдық қорының қолдауымен «Мирас» мектебінің оқушылары, Halyk Bank қызметкерлері, сондай-ақ, өңір тұрғындары атсалысты.

«Бұл - мен үшін зор мақтаныш. Біз бұл бастамаға жай ғана ағаш отырғызу үшін емес, ел болашағына бейжай қарамайтын азамат ретінде келдік. Табиғатты қорғау әрқайсымыздың борышымыз», - деді миллионыншы көшетті еккен Astana IT University студенті Асылжан Абдуллаев.

Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының бас директоры Сағынбек Шүнкеевтің айтуынша, жоба ұзақ мерзімге жоспарланған.

«Жобаның басты мақсаты - бес жыл ішінде 9 миллион көшет пен шыбық егу. Миллионыншы көшет биылғы  алғашқы маңызды белес. Біз осы бағыттағы жүйелі жұмысымызды жалғастыра береміз. Әсіресе, Экология министрлігімен бірге қолға алған бастамамызға халықаралық және отандық ұйымдардың қолдау білдіріп жатқаны көңіл қуантады», - деді ол.


Айта кетейік, «Halyk Орманы» жобасы 2025 жылғы күзде Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін бастау алған. Меморандум аясында қор 1 млрд теңге бөліп, «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты, Іле-Алатау ұлттық табиғи паркі және елорданың «Жасыл аймақ» жасыл белдеуі аумақтарында 9 миллионнан аса ағаш отырғызуды жоспарлап отыр.

Осылайша, «Halyk Орманы» жай ғана экологиялық жоба емес, елдің ұзақ мерзімді даму бағыты жолында мемлекет, бизнес және қоғамды біріктіретін тұрақты алаңға айналып келеді.

Комментарии