Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тұрақты болашақ – ортақ көзқарас» өңірлік экологиялық саммитінде сөз сөйледі. Бұл туралы бүгін, 22 сәуірде Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Президент беталысы беймәлім аумалы-төкпелі кезеңде жүздесіп отырғандарын атап өтті.
«Мұның зардабы өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа, миллиондаған адамның тұрмыс сапасына қаншалықты ауыр тиіп жатқанын егжей-тегжейлі айтудың қажеті жоқ. Соның салдарынан даму жолындағы күш-жігер, күрмеуі қиын экологиялық проблемаларға жұмсалуға тиіс ресурстар зая кетіп жатыр»,-деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ретте халықаралық қоғамдастық ерекше рөл атқаратынын мәлімдеді.
«Сексен жыл бұрын құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы әлі күнге баламасы жоқ, әмбебап диалог алаңы екені сөзсіз. Алайда одан бері әлем түбегейлі өзгеріске ұшырады. Жасанды интеллект бүкіл адамзат санасын жаулап, күнделікті өмірге дендеп енді.
Халықаралық құқықтың негізі саналатын БҰҰ Жарғысының бұлжымас беріктігі туралы жиі айтылады. Әйтсе де, ол –қалауыңа қарай тапсырыспен алдыратын жеңсік ас емес.
Керісінше, БҰҰ Жарғысын біртұтас, жан-жақты құжат ретінде қабылдау керек. Оның ережелері дәл сол қалпында танылып, мүлтіксіз сақталуға тиіс.
Сол себепті БҰҰ және басқа да ірі халықаралық ұйымдар ауқымы мен сипаты жағынан бұрын-соңды болмаған әрі болжауы қиын өзгерістер дәуіріне қадам басқан қазіргі әлемнің ақиқатын қаперге алғаны жөн»,-деді президент.
Мемлекет басшысы БҰҰ-ның әлемдегі қақтығыстарға әсері туралы да айтты.
«Біз БҰҰ Жарғысындағы қағидаттарды халықаралық қарулы қақтығыстарға қатысты өз ыңғайымызға қарай қолданудан аулақ болуымыз қажет. Сонымен қатар көпжақты институттарға деген сенімге селкеу түспеуі керек. Дегенмен маңызды халықаралық мәселелерді шешуге олардың абырой-беделі жетпей жатқаны өкінішті»,-деп толықтырды ол.
Если политическая реформа - это смена механизмов, то «Адал азамат» - это смена ментальности – эксперт о реформах Токаева
