Ресей атынан соғысқа қатысқан қазақстандықтар саны артқан, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Украинаның «Өмір сүргім келеді» жобасы 2026 жыл бойынша Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырып, Украинадағы соғысқа қатысқан Орталық Азия елдері азаматтары туралы жаңартылған мәліметтерді жариялады.
Жоба дерегіне сәйкес, Қазақстан азаматтарының саны 2389 адамға жеткен. Бұл көрсеткіш Қазақстанды аймақ бойынша үшінші орынға шығарды. Алдыңғы қатарда Өзбекстан (4853 адам) мен Тәжікстан (3407 адам) тұр.
Сондай-ақ, Қырғызстаннан кемінде 1439 азамат, ал Түрікменстаннан 578 адам тіркелген.
Айта кетейік, 2025 жылдың көктемі мен жазында «Өмір сүргім келеді» бұған дейін 5740 адамның тізімін жариялаған еді. Соңғы бір жыл ішінде анықталған азаматтар саны екі еседен астам өсіп, 12 666 адамға жеткен.
