7,1 млрд теңге. Метроға қосымша есік орнатылады

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nd2S5UG01vggvixlEqfbuoKDbY6UGc5xZQHlPsZ5.webp

Алматы метросында жолаушылар қауіпсіздігін арттыру мақсатында платформалық есіктер орнату жобасы қолға алынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жобаға сәйкес, метро станцияларына шыныдан жасалған арнайы қоршаулар қойылады. Олар пойыз келген кезде автоматты түрде ашылып, жолаушыларды рельске құлап кетуден қорғайды. Сонымен қатар, бұл жүйе шу мен шаң деңгейін азайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы құны 7,1 млрд теңгеден асатын жоба метроның бірінші желісіндегі барлық станцияларды қамтиды. Атап айтқанда, «Райымбек батыр» станциясынан «Бауыржан Момышұлы» станциясына дейінгі аралықта орнатылады. Ал 2026 жылдың соңында ашу жоспарланған «Қалқаман» станциясы бұл тізімге енбеген.

Құрылыс жұмыстары метро жұмысы тоқтайтын түнгі уақытта жүргізіледі. Мердігер жұмыстарды бюджеттен қаржы бөлінуіне қарай кезең-кезеңімен атқарады. Жобаны толық аяқтау мерзімі – 2027 жылдың 31 желтоқсаны.

Келісімшарт талаптарына сәйкес, мердігер барлық бағдарламалық қамтамасыз етуді және техникалық құжаттаманы тапсыруы тиіс. Сондай-ақ орнатылған жабдықтың кемінде 10 пайызы көлемінде қосалқы бөлшектер қорын қамтамасыз етіп, анықталған ақауларды өз есебінен түзетуге міндетті.

Комментарии