Әл-Фарабидегі апат. Zeekr жүргізушісі тергеу изоляторына ауыстырылды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ersf7ph9k9O6Ko41BTmVt6Bs7NlfJUEbE4e5oZQ5.webp

Әл-Фараби даңғылында болған резонансты жол-көлік оқиғасына күдікті деп танылған Zeekr көлігінің жүргізушісі ауруханадан тергеу изоляторына ауыстырылды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Апат салдарынан үш адам қаза тапты. Күдікті бұған дейін медициналық мекемеде күзетпен болған және сот санкциясымен қамауға алынған еді. Қазіргі уақытта ол қылмыстық іс аясында қамауда ұстау үшін тергеу изоляторына жеткізілді», - делінген сейсенбі күнгі хабарламада.

Еске салайық, қайғылы оқиға 21 наурыз күні Әл-Фараби даңғылы бойында болған еді.  Zeekr 9X маркалы көлік қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқаны туралы айтылды. Жол апаты салдарынан 29 жастағы жүргізуші және 20 мен 22 жастағы екі жолаушы оқиға орнында қаза тапты.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, Zeekr көлігін 32 жастағы алматылық кәсіпкер басқарған. Куәгерлердің айтуынша, апат болған сәтте көлік басқа автокөлікпен жарысқа түскен болуы мүмкін.

26 наурызда полиция түнгі жарыстарға қарсы күрес күшейтілетінін мәлімдеді. Сол күні Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Алматыдағы өлімге әкелген жарысқа жоғары лауазымды полиция қызметкерінің қатысы болуы мүмкін деген күдігін айтып, оны бейнематериалмен негіздеді. Осыдан кейін Алматы полициясында қызметтік тексеріс басталып, кейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бірқатар басшылар қызметінен босатылғанын хабарлады. Сонымен қатар ІІМ бірден бірнеше қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеп, резонанстан кейін Алматы жолдарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

4 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жол апатына байланысты министр Сәденовке тапсырма бергені белгілі болды. 6 сәуірде ІІМ полиция көшелерді жасырын түрде патрульдеуді бастағанын мәлімдеді.

 

 

 

 

 

Комментарии