ҚР Экология министрі 3 сәуірде утиль алымын есептеу тәсіліне өзгеріс енгізу туралы бұйрыққа қол қойды. Құжат 30 күннен кейін, яғни мамыр айының басында күшіне енеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Kolesa.kz сайтына сілтеп.
Жаңа ережеге сәйкес, Беларусь пен Ресейден Қазақстанға әкелінетін автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасына утиль алымы 2 коэффициентпен есептеледі. Ал Қазақстанда өндірілген, ЕАЭО-ға мүше емес мемлекеттерден, сондай-ақ Армения мен Қырғызстаннан жеткізілген техника үшін 1 коэффициент қолданылады. Яғни бұл санаттағы көліктер үшін алым мөлшері өзгеріссіз қалады.
Мөлшерлемені қайта қараудың негізгі мақсаты — Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) ішіндегі теңсіздікті жою және Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғау.
Сарапшылардың айтуынша, бұл шешім Қазақстанда өндірілген автомобильдердің ЕАЭО нарығына тең жағдайда шығуына мүмкіндік береді. Яғни одаққа мүше мемлекеттер арасындағы сауда шарттары теңестірілуі тиіс.
Қазіргі таңда Ресейде утиль алымы екі түрлі тәсілмен есептеледі. Алыс шетелден импортталған көлікке тұрақты мөлшерлеме қолданылады. Ал ЕАЭО елдерінен, соның ішінде Қазақстаннан жеткізілген техникаға қосымша кедендік баж айырмасы төленеді.
Іс жүзінде бұл көліктің толық құнына тең баж салығы алынуына әкеледі. Себебі Қазақстанда өндірілген автомобиль кедендік рәсімнен өтпейді. Сонымен қатар Ресей тарапы қосымша ҚҚС айырмасын және акцизді де есептейді.
Осылайша, үшінші елдерден импортталған көлікке қарағанда, ЕАЭО елдерінен келетін техникаға тиімсіз жағдай қалыптасқан.
Ал ЕАЭО Кеден кодексіне сәйкес, Қазақстанда шетелдік бөлшектерді пайдаланып өндірілген автомобиль одақ тауары болып саналады. Демек, Ресейдің қосымша коэффициент қолдануы Кодекс талаптарына қайшы келеді.
Қазақстан дипломаттары бұл мәселені бірнеше мәрте көтергенімен, тараптар ортақ шешімге келе алмаған.
Жаңа тәртіп күшіне енген соң Ресей мен Беларусьтен келетін көліктердің утиль алымы ондаған есе өседі.
Мысалы, 1.6 литрлік моторы және 5 сатылы механикалық беріліс қорабы бар Lada Granta көлігін алайық.
Қазір Ресейде оның базалық нұсқасы 850 мың рубль (шамамен 5 млн теңге) тұрады. Қазақстанда былтырғы үлгісі 5,99 млн теңге, ал 2026 жылғы нұсқасы 6,49 млн теңге шамасында сатылып жатыр. Оның ішінде утиль алымы 756 875 теңгені құрайды.
Жаңа есептеу жүйесі енгізілсе, «Гранта» үшін утиль алымы 38,8 есе өсіп, 29,4 млн теңгеге жетуі мүмкін. Бұл сома көліктің Ресейдегі бағасынан алты есе жоғары.
Биыл 10 наурызда өткен брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев бұл шара Ресейдің утиль алымын көтеруіне жауап ретінде қабылданғанын мәлімдеді.
Дегенмен сарапшылардың болжамынша, бұл өзгеріс Қазақстандағы автомобиль бағасына айтарлықтай әсер етпеуі мүмкін. Себебі Ресей мен Беларусьтен әкелінетін көліктердің нарықтағы үлесі төмен.
Сонымен қатар Ресейдің «Газель» секілді модельдері Қазақстан аумағында құрастырылады.
Ал «Лада» өндірісі Қостанайдағы зауытта 2022 жылы тоқтатылған. Болашақта Қарағанды облысының Саран қаласындағы кәсіпорын бұл өндірісті қайта қолға алуы мүмкін.
Глава государства в трудную минуту уделил большое внимание образовательной сфере страны-депутат Жулдыз Сулейменова
