“Патриотизм – ұран емес, әрекет”. Қазақстандық жастар ұлтжандылықты қалай түсінеді?

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vXSMmy0dtLIEtX2kwHpdmIsF1nj4Yc1VVKBJpR7z.jpg

Бүгінде патриотизм ұғымы жаңа мазмұнмен толығып келеді. Ол тек ұран мен сөз жүзіндегі сезім емес, нақты әрекетпен өлшенетін құндылыққа айналды. Қазақстандық жастар үшін Отанға деген сүйіспеншілік – елдің дамуына үлес қосу, қоғамға пайдалы болу және мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады. Осы орайда біз әр саладағы жастармен тілдесіп, олардың ұлтжандылық туралы пікірін білген едік.

Патриотизм туралы жаңа заңда не айтылады?

Соңғы жылдары Қазақстанда патриоттық тәрбиені күшейтуге бағытталған бастамалар жүйелі түрде қолға алынып келеді. Жаңа заңнамалық өзгерістерде патриотизм тек идеологиялық ұғым ретінде емес, азаматтық жауапкершілікпен тікелей байланыстырылған.

Құжаттарда мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау, елдің дамуына белсенді атсалысу – әрбір азаматтың міндеті ретінде айқын көрсетілген. Сонымен қатар, жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи сананы қалыптастыру және бірлік пен тұрақтылықты нығайту басты бағыттардың бірі ретінде белгіленген.

Яғни, қазіргі түсінікте патриотизм – тек сезім емес, нақты іс пен жауапкершілік.

Студент Асан Аслан: “Патриотизм – күнделікті таңдаудан басталады”

Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алып жүрген студент Асан Аслан ұлтжандылықты қарапайым әрекеттерден көреді.

– Мен үшін патриотизм – үлкен сөздер айту емес. Бұл – өз қалаңды таза ұстау, заңды сақтау, өз ісіңді адал жасау. Кейде адамдар патриотизмді тек мерекелермен байланыстырады. Бірақ ол күн сайын көрінуі керек. Мысалы, қоқысты жерге тастамау да – елге деген құрмет, – дейді ол.

Оның айтуынша, жастар арасында бұл түсінік біртіндеп өзгеріп келеді. Көпшілік үшін патриотизм енді нақты әрекетпен байланыса бастады.

Мемлекеттік қызметкер Арайлым Мырзағалиева: “Рәміздерге құрмет – елге құрмет”

Мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген Арайлым Мырзағалиева патриотизмнің маңызды бөлігі ретінде мемлекеттік рәміздерге деген құрметті атап өтті.

– Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран – бұл жай ғана белгілер емес, бұл – біздің тарихымыз бен болмысымыз. Оларға құрмет көрсету – өзіңнің қай елдің азаматы екеніңді сезіну. Қызмет барысында да, күнделікті өмірде де осы құндылықтарды сақтауға тырысамын, – дейді ол.

Оның пікірінше, патриотизм – тек сезім емес, ол тәртіп, жауапкершілік және ішкі мәдениет.

Кәсіпкер Аружан Устемирова: “Елге пайда келтіру – нағыз патриотизм”

Жас кәсіпкер Аружан Устемирова патриотизмді ел экономикасына үлес қосумен байланыстырады.

– Мен үшін Отанды сүю – өз ісің арқылы қоғамға пайда келтіру. Жұмыс орындарын ашу, сапалы өнім ұсыну, адал еңбек ету – осының бәрі патриотизмнің көрінісі. Әр адам өз саласында жақсы жұмыс істесе, ел де дамиды, – дейді ол.

Аружанның айтуынша, қазіргі жастар патриотизмді бұрынғыдан өзгеше қабылдайды: олар үшін бастысы – нақты нәтиже мен пайдалы іс.

Комментарии