Наурызды «қазақтардың да, мұсылмандардың да мерекесі емес» деген блогерге қылмыстық іс қозғалды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/E57dVGYOivIMriFN9EbSiDgOA0SeAMotLzdD2jCt.png

Алматы облысының полициясы Наурыз туралы даулы видео жариялаған блогерді ұстады. Роликте ол бұл мереке Қазақстанда атап өтілмеуі тиіс екенін айтып, оны «мұсылмандардың мерекесі емес» деп атаған, деп хабарлайды "Адырна".

ІІМ мәліметінше, ер адамға қатысты діни араздықты қоздыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Ағымдағы жылдың 23 наурызында әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында TikTok-та жарияланған, Наурыз мерекесіне қатысты діни және этномәдени сипаттағы жария мәлімдемелер қамтылған бейнематериал анықталды. Жедел іс-шаралар нәтижесінде 1991 жылы туған азамат К. анықталып, ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп мәлімдеді ІІМ.

Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 174-бабы 2-бөлігі (діни араздықты қоздыру) бойынша, егер бұл әрекетті қоғамдық пікір көшбасшысы жасаса, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қазнетте блогердің "Наурыз – қазақтың да, мұсылманның да мерекесі емес және ол парсы (зороастризм) дәстүрінен келген" деген мәлімдемесінен кейін дау туындады. Оның айтуынша, Қазақстандағы мұсылмандарға бұл күнді атап өтуге болмайды, ал рұқсат етілетін мерекелер – тек Ораза айт пен Құрбан айт.

Видео әлеуметтік желілерде тез тарап, қоғам тарапынан сынға ұшырады. Қолданушылар авторды тарихты бұрмалады, ұғымдарды шатастырды және қоғамда жік салуға тырысты деп айыптады.

Айта кету керек, Наурыздың «рұқсат етілуі» туралы даулар кей елдерде қатаң салдарға әкелген. Ауғанстанда «Талибан» билікке қайта келгеннен кейін 21 наурыз ресми мерекелер қатарынан алынып, мемлекеттік іс-шаралар тоқтатылды. Бұқаралық мерекелеу іс жүзінде жойылды.

Бұрын Навруз (Наурыз) елдегі ең ірі мерекелердің бірі болғанымен, қазір ол жеке деңгейде ғана аталып өтеді немесе мүлде тойланбайды.

Айта кетсек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Наурызды ұлттық дәстүрдің маңызды бөлігі және барлық қазақстандықтарға ортақ мереке ретінде бірнеше рет атап өткен.

«Наурыз – рухани тазару мен жаңару уақыты. Тазалық ұғымы жан-жақты мағынаға ие. Ең алдымен, ол ойдың, сананың және ниеттің тазалығын білдіреді. Наурыз мерекесінде Тазалық философиясының мәнін кеңінен түсіндіру аса маңызды», – деген болатын ол 2026 жылғы 21 наурыздағы құттықтауында.

 

Комментарии