Атыраулық азамат Таяу Шығыстағы эвакуация үшін мемлекетке алғыс білдірді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/qgxWxby6dblf3Jz6sowFhfMz06VGiGlQoxMsf8s2.jpg

Атырау қаласының тұрғыны Таяу Шығыстағы күрделі жағдай кезінде ұйымдастырылған эвакуация жұмыстары үшін мемлекетке алғыс білдірді. Бұл туралы ол Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жолдаған өтінішінде атап өткен.

Оның айтуынша, 28 ақпан күні Катар елінде демалып жүрген ата-енесі елге уақытылы орала алмаған.

– Сол сәтте қатты алаңдадық. Алыста жүрген жақындарымыз үшін бүкіл отбасы болып уайымдадық. Әсіресе, жағдай ушығып, соғыс басталып кетсе, елге қалай оралады деген ой бізді қатты мазалады, – дейді ол.

Тұрғынның сөзінше, жедел ұйымдастырылған эвакуацияның арқасында жақындары аман-есен елге оралып, отбасымен қайта қауышқан.

– Катардағы Қазақстан Елшілігінің қызметкерлері тәулік бойы байланыста болып, отандастарға барлық қажетті көмекті көрсетті. Дәрі-дәрмекпен, ауызсумен қамтамасыз етті. Мұндай қолдау біз үшін аса маңызды болды, – деді ол.

Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясатты атап өтіп, эвакуацияға қатысқан барлық құрылымдарға алғыс білдірді.

– Президентке, Президент Әкімшілігіне, Сыртқы істер министрлігіне, шетелдегі дипломатиялық өкілдіктер мен әуе компанияларына үлкен алғысымды білдіремін. Осындай сәтте мемлекет өз азаматтарын ешқашан назардан тыс қалдырмайтынына тағы бір мәрте көз жеткіздік, – деді атыраулық.

Айта кетейік, Қазақстан Таяу Шығыс елдерінен өз азаматтарын эвакуациялауды толық аяқтады. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, елге жалпы саны 10 275 қазақстандық қайтарылған.

Комментарии