«Атамұрадағы» қос қуаныш: кітап үйі жаңарып, «Көк кептердің көргені» көпшілікке жол тартты

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/1dAnaZnQE2rTEP0XD3ALCJsHb7dumiHAZ0serUrc.jpg

Алматыда белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Түменбайдың «Көк кептердің көргені» атты кітабының тұсаукесері өтті. Айтулы әдеби кеш «Атамұра» кітап үйінің жаңартылып, қайта ашылуымен қатар ұйымдастырылып, қаладағы мәдени өмірге ерекше серпін берді. “Адырна” тілшісі материалда тарқатады. 

Кітап үйінің іші заманауи үлгіде жаңарып, жарық әрі кең кеңістікке айналған. Әр бұрышы оқырманды баурап, рухани орта қалыптастырған бұл орын көпшіліктің ықыласына бөленді.

Іс-шараны «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлы ашып, жиналған жұртшылықты қос қуанышпен құттықтады.

«Бүгін біз үшін ерекше күн. “Атамұра” кітап үйі жаңа кейіпте қайта ашылып отыр. Бұл – тек ғимараттың жаңаруы емес, бұл – руханияттың жаңғыруы. Осындай игі істің Ораза айт пен Наурыз мерекесіне тұспа-тұс келуі – үлкен символдық мәнге ие. Қуандық Түменбай – қазақ әдебиетінде өз орны бар қаламгер. Мен бұл кітаптың алғашқы оқырмандарының бірі болдым. Әңгімелері мені терең толғандырды. Оның шығармашылығына әрдайым құрметпен қараймын», – деді ол.

Автор оқырманмен жүздесті

Кеш барысында сөз алған Қуандық Түменбай жиналған қауымға алғысын білдіріп, жаңа кітабының мазмұнына тоқталды.

Жазушы «Көк кептердің көргені» жинағына бірнеше қызықты хикаяттар мен әңгімелер топтастырылғанын атап өтті.

«Бұл кітапта әртүрлі тағдырлар, түрлі мінездер бар. “Көк кептердің көргені” деген атаудың да өзіндік сыры бар. Бірақ оның жауабын әр оқырман өз жүрегімен тапқаны дұрыс деп ойлаймын», – деді автор.

Жинақтағы шығармаларда адамгершілік, мейірім, қоғамдағы өзгерістер мен замандас бейнесі көркем тілмен өрнектелген.

Әдебиет өкілдерінің ақ тілегі

Кеште сөз алған белгілі жазушылар мен зиялы қауым өкілдері де жаңа туындыға жоғары баға берді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәдірбек Сегізбайұлы жазушыға жылы лебізін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

Ал ақын, ғалым Әділғазы Қайырбек те әдеби кештің мән-маңызын атап өтіп, қаламгер еңбегіне сәттілік тіледі.

Қайнар Олжайдың ерекше талдауы

Жазушы, аудармашы Қайнар Олжай кештің мазмұнын тереңдете түскен мазмұнды баяндама жасады.

Ол кітапты толық оқып шыққанын айтып, әсіресе «Жапон құданың қалауы» әңгімесіне ерекше тоқталды.

«Бұл шығарма – терең ойға жетелейтін дүние. Автор адам болмысының нәзік тұстарын дәл берген. Оқырманды бір ғана оқиғамен емес, тұтас ой әлемімен жетелейді», – деп атап өтті ол.

Оның талдауы жиналған қауымның қызығушылығын арттырып, шығармаға деген ынтаны күшейтті.

Көпшілік ықыласы – әдебиетке құрмет

Тұсаукесерге жиналғандар қарасы көп болды. Кешке тек әдебиет сүйер қауым ғана емес, өзге ұлт өкілдері де қатысып, қазақ прозасына деген қызығушылықтың кең екенін көрсетті.

Жиын барысында айтылған сүбелі ойлар мен мазмұнды пікірлерді көпшілік ерекше ықыласпен тыңдады.

Кеш соңында қонақтар автормен бірге естелік суретке түсіп, әсерлі кездесудің жылы нүктесін қойып, тарқасты.

Қазіргі қазақ прозасының жаңа тынысы

«Көк кептердің көргені» – бүгінгі қазақ әдебиетіндегі адамгершілік тақырыбын жаңа қырынан ашқан жинақ. Ондағы «Мешіттің маңы», «Талтүсте өткен той», «Қой баққан балерон» секілді әңгімелер замандас болмысын терең бейнелейді.

Бұл тұсаукесер – тек жаңа кітаптың таныстырылымы ғана емес, әдебиет пен оқырман арасындағы алтын көпірдің тағы бір мәрте бекіген сәті болды. 

Айта кетейік, «Атамұра» баспасы – еліміздегі жетекші әрі беделді баспалардың бірі. Ол мектеп оқулықтарынан бастап, қазақ әдебиетінің көркем шығармаларына дейін кең ауқымдағы еңбектерді оқырманға ұсынып келеді. Ұлттық руханиятты дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген баспа талай буынның білім мен мәдениетке деген қызығушылығын қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отыр.

Комментарии