«Ешкім мырза Путинге қарсы» фильмі «Оскар» сыйлығын жеңіп алды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7mZWFdbcfE7QtbQ1V0GZVmuMy4cyigmxvH3HsTJu.webp

Фото: Mike Blake/REUTERS

Режиссерлер Pavel Talankin мен David Borenstein түсірген Mr. Nobody Against Putin («Ешкім мырза Путинге қарсы» ) деректі фильмі Academy Awards сыйлығының «Үздік деректі фильм» номинациясын жеңіп алды.

98-ші марапаттау рәсімі 15 наурыз күні АҚШ-тың Los Angeles қаласындағы Dolby Theatre театрында өтті.

Фильм Ресей мектептеріндегі әскери насихаттың қалай қалыптасқанын көрсетеді. Картина авторларының айтуынша, туынды қоғамдағы өзгерістердің қарапайым адамдардың әрекеті арқылы қалай қалыптасатынын баяндайды.

Режиссер Дэвид Боренштейн марапатты қабылдау кезінде бұл фильм елді қалай жоғалтып алуға болатыны туралы екенін айтты. Оның сөзінше, кейде ел тағдыры адамдардың ұсақ көрінетін, бірақ маңызды шешімдері арқылы өзгеруі мүмкін. Сонымен бірге ол тіпті «ешкім» деп саналатын адамның өзі үлкен өзгеріске ықпал ете алатынын атап өтті.

Ал Павел Таланкин сахнадан сөйлеген сөзінде барлық соғыстарды тоқтатуға шақырды. 

«Төрт жылдан бері біз жұлдызды аспанға қарап ең маңызды тілегімізді айтып келеміз. Өте маңызды тілек. Бірақ кейбір елдерде жұлдыздардың орнына аспаннан бомбалар түсіп, дрондар ұшады. Болашағымыз үшін, барлық балаларымыздың болашағы үшін барлық соғысты тоқтатайық. Дәл қазір», – деді ол.

Картинаға Челябі облысындағы Карабаш қаласындағы мектептердің бірінде жұмыс істеген педагог-ұйымдастырушы Павел Таланкин түсірген бейнежазбалар негіз болған. Ол мектептегі түрлі іс-шараларды, салтанатты жиындарды, байқауларды және ашық сабақтарды түсіруге жауапты болған.

Бұл жазбалар Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды соғысы басталған 2022 жылдың ақпан айынан бастап түсірілген.

2024 жылдың жазында Таланкин екі жыл бойы жинаған бейнематериалдарын алып, Ресейден кетіп қалған. Кейін ол фильмді америкалық режиссер Дэвид Боренштейнмен бірге монтаждап, деректі картина ретінде дайындаған.

Фильмнің тұсаукесері 2025 жылғы 25 қаңтарда АҚШ-та өткен Sundance Film Festival тәуелсіз кинофестивалінде өткен болатын. Онда туынды қазылар алқасының арнайы жүлдесін иеленген,

Сондай-ақ 22 ақпанда Лондонда өткен BAFTA Awards марапаттау рәсімінде фильм «Үздік деректі фильм» аталымында жеңіске жетті. Марапатты British Academy of Film and Television Arts табыстаған еді.

Бұған дейін Павел Таланкин шетелдік БАҚ-қа берген сұхбатында соғыс басталғаннан кейін Ресей мектептеріндегі атмосфера мен риториканың айтарлықтай өзгергенін айтқан. Оның сөзінше, білім беру жүйесіне жоғары жақтан арнайы нұсқаулар беріліп, мектептердегі тәрбие жұмысының мазмұны да өзгерген.

Комментарии