Қазақстан өңірлерінің тарихы. Уәлиханов институты 18 томдық құжаттар жинағын шығарды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/feTRe4M7z4ShZ255v3j5Ve1T4SPrXwZ2PGtfujBH.jpg

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қазақстан өңірлерінің тарихына арналған 18 томдық архив құжаттары мен материалдар жинағын жарыққа шығарды. Басылым еліміздің барлық облыстарының тарихын қамтитын құжаттық деректер негізінде дайындалған, деп хабарлайды "Адырна".

Жинаққа енгізілген материалдар негізінен үш тарихи кезеңді қамтиды: патшалық дәуір, кеңес кезеңі және тәуелсіздік жылдары. Ғалымдардың айтуынша, жаңа архив құжаттары арқылы Қазақстан өңірлерінің тарихындағы бұрын белгісіз болып келген көптеген деректер ғылыми айналымға енгізілген.

Ауқымды жобаны дайындауға институт қызметкерлерімен қатар өңірлердегі ғылыми өкілдер де қатысқан. Олардың қатарында Б.С. Жумагулов, М.Н. Сдыков, А.Н. Сейдехан, Г.А. Абенова, М.З. Утегенов, В.В. Козина, Н.А. Кубик, Ж.С. Аубакирова, А.А. Максутова, А.Т. Маден, Ж.Д. Мустафина, Р.Ж. Байдалы және басқа да зерттеушілер бар.

18 томдық құжаттар мен материалдар жинағының әр томы 500 данамен басылып шыққан. Биыл осы құжаттар негізінде әр облыстың ежелгі кезеңнен бүгінге дейінгі тарихын қамтитын біртомдық ғылыми монографиялар шығару жоспарланып отыр.

Сонымен қатар бұл архив материалдары Ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі Қазақстан тарихы атты 7 томдық академиялық басылымды әзірлеу барысында кеңінен қолданылып жатыр. Аталған ғылыми еңбек те Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында дайындалуда.

Жаңа шыққан кітаптар Қазақстанның барлық өңіріндегі кітапханалар мен ғылыми мекемелерге тегін таратылатын болады.

Комментарии