Уақытша тұруға рұқсат беру ісіндегі заңсыздық. Қазақстандағы ресейліктер қайтеді?

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OMZynV3ZEcgIVRzlnm7c4MHJQVoOKLmENM77iqeA.webp

Қазақстанда уақытша тұруға берілетін рұқсаттарды қолдан жасауға байланысты ірі қылмыстық іс тергелуде. Істі Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізіп жатыр. Тергеу аясында куәгер ретінде Ресейдің әскерге шақыру жасындағы ондаған азаматы жауап беруде. Бұл туралы «Слово защиты» жобасы жариялады, деп хабарлайды "Адырна".

Жобаның мәліметінше, тергеу барысында адамдарды топ-топпен, 3-4 адамнан шақырып, жауап алу жүргізілуде. Құқық қорғаушылардың пікірінше, істің көші-қон полициясы емес, арнайы қызметтердің бақылауында болуы оның ауқымды болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Ресми түрде бұл іс саяси емес қылмыстық іс ретінде қарастырылып отыр. Дегенмен құқық қорғаушылар мұндай тергеу Ресейден келген кейбір азаматтарға қатысты депортация шаралары күшеюі мүмкін деген болжам айтады. Олардың пікірінше, жалған УТР-ға қатысты іс ресейлік эмигранттарды елден шығаруға формалды негіз ретінде қолданылуы ықтимал.

Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат шетел азаматтарына елде бір жылға дейін тұруға мүмкіндік береді. Бірақ оны алу үшін жұмысқа орналасу және тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелу қажет. Осы рәсімнің айналасында жалған құжат дайындайтын делдалдар нарығы қалыптасқаны айтылады. Кейбір Ресей азаматтары дәл осындай қызметтерді пайдаланған.

Сонымен қатар соңғы жылдары Қазақстанда Ресейде саяси істер бойынша іздеуде жүрген азаматтардың ұсталу жағдайлары да тіркелген. Мысалы, 25 жастағы ресейлік Александр Качкуркин ақпан айында Қазақстаннан депортацияланған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, ол Ресейге жеткізілген кезде оған қамауға алу туралы ордер берілген.

Сондай-ақ Қазақстан Мәскеудің бірнеше экстрадиция сұранысын қанағаттандырған. Олардың қатарында Алексей Навальный штабының бұрынғы қызметкері Юлия Емельянова және Рамзан Қадыровты сынаған Мансур Мовлаев бар. Ал Қазақстан соты Ресей Қарулы күштерінің 15-ші мотожауынгерлік бригадасының аға лейтенанты Евгений Коробовқа саяси баспана беруден бас тартқан.

Осыған байланысты әлеуметтік желілер мен кейбір ақпарат құралдарында Қазақстан антисоғыс көзқарастағы ресейліктерді жаппай депортациялауға дайындалып жатыр деген ақпарат тарады.

Алайда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, Қазақстан Ресей азаматтарын жаппай елден шығару туралы ешқандай шешім қабылдамаған.

«Жалпы Қазақстанда баспана іздеп келген шетел азаматтарына қатысты біз халықаралық міндеттемелерімізге сәйкес әрекет етеміз. Ресей азаматтарын еліне қайтару мәселесі де тиісті құқықтық рәсімдер сақталған жағдайда ғана қаралады. Алдымен олар баспана іздеуші тұлға мәртебесін алады. Одан кейін уәкілетті мемлекеттік орган шешім қабылдайды. Егер азаматтар бұл шешіммен келіспесе, сотқа жүгіну құқығы бар. Тек осы процестерден кейін ғана олардың шыққан еліне қайтарылуы мәселесі қарастырылуы мүмкін», – деді Ашықбаев.

Ол қазіргі уақытта Ресейдің қанша азаматы елден шығарылуы мүмкін екені туралы нақты дерек жоқ екенін де айтты.

Ал Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, Ресейде 2022 жылы мобилизация жарияланғаннан кейін Қазақстанға шамамен 837 мың Ресей азаматы келген. Кейін олардың 780 мыңға жуығы елден кеткен.

Қазір Қазақстанда шамамен 298 мың Ресей азаматы тұрып жатыр. Олардың шамамен 30 мыңы ресми түрде жұмыс істейді, ал 20 мыңға жуығы қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алып жүр.

Комментарии