Алашқа ел басы болған. Әлихан рухына тағзым ететін күн

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UNmFgIjHBJ4BWV2jv3ktoTubYMTVVAfIX6ZO6Bhr.jpg

Бүгін қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының негізін салушы әрі көсемі, ғалым Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толып отыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Әлихан Нұрмұхамедұлы 1866 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Ол XX ғасырдың бас кезінде Алаш қозғалысының жетекшісі, Алаш Орда үкіметінің төрағасы болды. Көрнекті тұлға мен оның сенімді серіктерінің бастамасымен «Қазақ» газеті ашылды, сол газетке «Қыр баласы» деген атпен өзекті мақалалар жазды. Қошмұхаммед Кемеңгерұлы «Қазақ тарихынан» деп аталатын тарихи очеркінде: «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан», – деген еді.

Әлихан Бөкейхан - даңқты энциклопедист ғалым. Оның 2 жоғарғы білімі болған. Алғашқы мамандығы бойынша ормантанушы-ғалым, агроном әлі заңгер, жады мен табиғи дарыны бойынша тарихшы, экономист, этнограф, әдебиеттанушы, журналист, сондай-ақ жер пайдалану мен мал шаруашылығы бойынша теңдессіз маман болатын. Қазақ тарихы, этнографиясы, әдебиеті мен фольклоры туралы жүздеген мақалалар жазып, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» секілді халық ауыз әдебиетінің бірнеше үлгілерін жинақтып, баспа бетіне шығарған. Оның осы күнге дейін табылып, жинақталған ғылыми-публицисткалық мұрасы 15 томды құрайды.

Жалпы Әлихан Нұрмұхамедұлының негізгі бес ұстанымы болған. Оның өзі жеке басына қатысты емес, ел мен жерге қатысты ұстаным еді. Оны жазушы, тарихшы Тұрсын Жұртбай былай деп баяндайды: «Әлихан Бөкейханның бес ұстанымы болды. Ең бірінші – Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен «жер, жер және жер» болуы керек. Жерсіз Отан жоқ. Бөкейханның ұйғарымы бойынша, қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі керек. Екінші ұстанымы – Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс. Бөкейханның сөзімен айтсақ, «қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылуы тиіс». Үшінші ұстанымы – Бөкейханның жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек. Яғни, мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуі тиіс болған. Төртінші ұстанымы – қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, менталитеті өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек дегенге сайды. Бұл идеологиялық ұстаным болатын. Ал бесіншісі – ең негізігі ұстанымы бойынша ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы керек еді. Алаш қайраткерлерінің бұл ұстанымының дұрыстығына самурайлық дәстүрге негізделген жапон ұлтының бар-жоғы 20 жылдың ішінде біртұтас империяға айналып шыға келуі дәлел болса керек».

Қазақстанда большевиктер билігі орнаған соң ол бірнеше рет қамауға алынып, 1937 жылы 71 жасында атылған. Сүйегі Мәскеудегі Дон зиратында саяси қуғын-сүргін құрбандарымен бірге жатыр.

Комментарии