Қазақстан Таяу Шығысқа әскери контингент жібермейді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол халықты ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырды.
«БАҚ-та әскери контингент жіберіледі деген мәселе де талқыланып жатыр. Осыған байланысты тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамыз. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның халықаралық тұрақтандыру күштерін далалық госпиталі бар медициналық бөлімшелерді, сондай-ақ азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушыларды жіберу арқылы қолдауға дайын екенін айтты. Яғни, әңгіме тек операцияның гуманитарлық көмек туралы болып отыр», – деді Жетібаев.
Сондай-ақ министрлік өкілі Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне ешқандай қаржылық жарнасыз қосылғанын жеткізді.
«Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне ешқандай қаржылық жарнасыз қосылды. Жарғыда көрсетілген 1 млрд АҚШ доллары көлеміндегі ерікті жарна мүшелік шарты болып саналмайды. Бұл – әрбір қатысушының дербес құқығы»,- деп түсіндірді ол.