Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елде мемлекет басшысына тікелей бағынатын тергеу комитетін құру жоспарын жариялады. Бұл туралы «Кабар» агенттігі жазды, деп хабарлайды "Адырна".
Президенттің айтуынша, жаңа органға тергеу жүргізудің барлық функциясы беріледі. Бұл тергеудің тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Жапаровтың сөзінше, Бас және Әскери прокуратура барлық органдардың әрекетінің заңдылығына қадағалау жүргізеді.
«Егер не үшін тергеу комитетін құру қажет деп сұрасаңыздар, біз мемлекеттің болашағы мен тұрақтылығы туралы ойлауымыз керек», – деді ол сұхбатында.
Жапаров елде әділетсіз тергеу жағдайлары кездесетінін де мойындады. Оның айтуынша, кейбір кезде ІІМ мен Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) басшылары жедел қызметкерлердің мәліметі негізінде тергеушілерге қылмыстық іс қозғауды талап етуі мүмкін.
Жапаров жаңа комитет «шикі» немесе қолдан жасалған істерді қабылдамайтынын айтты.
«Әділетсіздікке тап болған азаматтар қамауға алынбайды, бірден босатылады. Осылайша адам құқықтарының кемінде 95%-ын қамтамасыз ете аламыз», – деді ол.
Реформаны келесі жылы бастау жоспарланып отыр. Президенттің сөзінше, ғимараттар мен техникалық база дайындалып, жарлық шығарылады. Тиісті заң жобалары Жогорку Кенеш қарауына енгізіледі.
Ал ҰҚМК барлау және қарсы барлау, конституциялық құрылысты қорғау, терроризм, экстремизм, бқзақылық және есірткінің заңсыз айналымымен күрес бағытында ғана жұмыс істейді. Осы салалар бойынша тергеу құқығы сақталады, бірақ экономикаға араласпайды. Президенттің айтуынша, реформа нәтижесінде бұл орган «нағыз арнайы қызметке» айналуы тиіс.
Айта кетейік, тергеу комитетін құру туралы әңгіме ақпан айының ортасында, ҰҚМК басшылығының отставкасынан кейін күшейген. Сарапшылар жаңа орган құру кезінде бірқатар тәуекелдер бар екенін айтып отыр.
Адвокат Қанат Хасанов тергеу комитеті туралы бастама 2017 жылға дейін де талқыланғанын еске салды. Оның пікірінше, мұндай орган қажет болғанымен, оның моделі маңызды. Егер комитет тек лауазымдық қылмыстармен ғана айналысса, саяси қысым құралына айналу қаупі бар.
Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Феликс Кулов та бастаманы қызықты деп бағалады, бірақ асығыстықтан сақ болуға шақырды. Оның пікірінше, барлық тергеу функциясын бір органға бірден беру ұйымдастырушылық әрі қаржылық тұрғыдан қиын. Кулов кезең-кезеңімен реформа жүргізуді ұсынып, мемлекетке қарсы қылмыстарды ҰҚМК құзырында қалдыруды, ал жалпы қылмыстарды ІІМ тергеуін жалғастыруды жөн деп санайды.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай тәсіл жүйеге шамадан тыс жүктеме түсірмей, басқарушылық дағдарыстың алдын алуға мүмкіндік береді.
Казахстанцы не могут иметь двойного или множественного гражданства - в проект новой Конституции внесли уточнение