Әл-Фараби атындағы университетінің шығыстану факультетінде ирантанушы Ғалия Қамбарбекованың “Ортағасырлық Иран: археография және дереккөздер” кітабы таныстырылды. Монографияны баспадан шығаруға осы университеттің шығыстану факультетінің ғылыми кеңесі ұсынған.
Тұсаукесерге шығыстанушы, тарихшы, деректанушы ғалымдар, ізденушілер және Иранның Алматыдағы мәдени орталығының өкілдері қатысты. Жетекші ғалымдар қытайтанушы, тарихшы Клара Хафизова, деректенушы, шығыстанушы, тарихшылардан Меруерт Әбусейітова, Лаура Ерекешева, Әшірбек Мүминов, Берекет Кәрібаев және Жанымхан Ошан қатысты. Бұдан өзге жас ғалымдар және Иран жағынан мәдени орталықтың жетекшісі Хусейн Ағазаде қатысып, жаңадан шыққан еңбек жайында өз пікірлерін білдіріп, баға берді.
Әшірбек Мүминов шығыстанудағы деректану, оның ішінде ирантануға қатысты мәселелерге тоқталып, монографияның алар орнына тоқталды. "Тарихи тақырыптарға қатысты еңбектерді топтастырып, анықтамалық үлгіде ұсыну қашан да маңызды", - деген ғалым мұндай еңбектер үнемі толықтырылып шығып келе жатқанын, алайда Қазақстан жағдайында бұл мәселеге енді қозғау салына бастағанын айтты. Клара Хафизова деректанудағы еңбектерді зерттеп, реттеудегі автордың аяқалысына баға беріп, өзінің тілектестігін білдірді. Ол аймақ тарихын зерттеуде Қытай және Иран тәрізді елдердің мұрағатында сақталған деректердің берері мол екенін айтты. Меруерт Әбусейітова “Ортағасырлық Иран: археография және дереккөздер” монографиясын осы бағыттағы істің басы ретінде атады. Лаура Ерекешева осы кітапқа қамтылған деректердің жиналу тарихы жайлы баяндап, әсерімен бөлісті. Берекет Кәрібаев бұл еңбекті оқып шыққанда, ұшырасқан өзі де зерттеп жүрген қызықты деректер жайында әңгімеледі.
Иранның Алматыдағы мәдени орталығының жетекшісі Хусейн Ағазаде Иран мен Қазақстан тарихына қатысты еңбектің жарық көруін жетістік ретінде атап, алдағы уақытта ортақ жобаларды жүзеге асыруға болады деген ұсыныс айтты. Жанымхан Ошан парсы тіліндегі деректердің Қазақстан және Орталық Азия тарихын толықтыра түсетінін айтты.
“Ортағасырлық Иран: археография және дереккөздер” монографиясын жазған ирантанушы Ғалия Қамбарбекова зерттеуінің қалай жүзеге асқанын әңгімелеп, алдағы жоспарымен бөлісті.
"Ортағасырлық Иран: археография және дереккөздер" еңбегі – бес ғасырдан астам уақыт аралығында жазылған парсы тіліндегі дереккөздер жөніндегі зерттеу. Бұл кітапта парсы тіліндегі қолжазбаларды анықтау, каталогтау, топтастыру, сақтау, оны аудару және зерттеу секілді жайлар қарастырылады.
Бұл кітапта зерттеуші Алматы қаласындағы қолжазба қорларынан бастап Иран мен Үндістандағы бірқатар қолжазба қорларындағы зерттеу тәжірибесімен бөліседі. Еңбекте "Тарих-и муғул," "Тарих-и әлфи", "Тарих-и Аббаси", "Жахангушаи хақан", "Инша-йи Тахир Вахид" дереккөзімен бірге Қасым хан туралы деректер кездесетін бірнеше қолжазба қарастырылған және Хорасандағы Хан тасы ескерткішіндегі Қазақстан тарихына қатысты деректер енді.
Кітап авторы Ғалия Қамбарбекова 2009-2010 жылдары Қазақстанның Ирандағы елшісі болған Рүстем Нұрбахтың осы елдегі мұрағаттар мен кітапханалардағы парсы тіліндегі қолжазбаларды зерттеуге кеңірек жағдай жасағанын атап өтті. Осы ретте дипломатқа әріптестері атынан алғыс білдірді.
Пилотный проект "Вклад в развитие масштабирования здорового питания" реализуется в Акмолинской области